Биылғы қаңтардан бастап дәрігерлердің жалақысы 30%-ға өсті. Үш жылдық бюджет аясында денсаулық саласының дамуына қосымша 2,3 трлн. теңге қаржы бөлінді. Атыраудағы екінші күнінде «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек медицина саласының мамандарымен кездесіп, саладағы өзекті мәселелерді қозғады. Ал, облыс активімен өткен жиында ұрпақ тәрбиесі, дәрігерлердің мәртебесі, өңір экологиясы тұрғысында пікір алмасты.
Былтыр мемлекет басшысының тапсырмасымен денсаулық сақтау қызметкерлерінің еңбекақысы 30 пайызға өсті. «Ынтымақ» бастауыш ұйымы мүшелерімен кездесу барысында, мемлекет тарапынан салада атқарылған ауқымды істермен қатар, өңірдегі өзекті мәселер талқыланды. Соның бірі - нәресте өлімі. Қайғылы статистика бойынша мұнайлы өңір республикада үшінші орында тұр. Мұнымен күресу үшін жан-жақты жұмыс атқару маңызды деді Бауыржан Байбек. Сондай-ақ дәрігерлердің адам өмірін сақтаудағы еңбегін бағалап, жұмысын насихаттау қажеттілігіне тоқталды.
Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Адам ауырса, кімге барады дәрігерге барады. Білім алуға кімге барады ұстазға барады. Ең үлкен, ең маңызды мамандық - осы. Бастауыш партия ұйымында осындай біз дәрігерлерді, осы саланың өкілдерін жасап жатқан жұмысты халыққа насихаттап түсіндіруіміз қажет.
Ақ халаттылар жас мамандарды баспанамен қамтамасыз ету жайын көтерді. Айта кетейік, Атырауда «Жас Отау» бағдарламасы бойынша өткен жылы 310 пәтер жастарға берілген. Партиялық жоба аясында көпбалалы аналарды қолдау күшейді. Партияның міндеті халықтың мұңын билікке жеткізу. Сондықтан нақты істер мен ұсыныстарды тыңдап, бағдарламаға енгізуге әзір,- деді партия өкілі. Бауыржан Байбектің өңірдегі зиялыларымен кездесуінде ел ішіндегі мәдениет, дін мен тіл мәселелері сөз болды. Партияның ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында қолға алған шаралары насихатталды. Ал, қоғам белсенділері, жастармен бас қосуда оларды толғандырған сауалдар тындалды. Көпшілікті толғандырғаны - экология мәселесі.
Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Экология мәселесі бірінші рет көтеріліп отырған жоқ. Бұл аталған мәселенің халықты ерекше толғандырып отырғанын көрсетеді. Өйткені экология бәріне қатысты. Бәріміз де бір ауаны жұтамыз. Бұл мәселе аймақтың алдағы даму бағдарламасына міндетті түрде енгізілуі керек.
Өңірге жасаған екі күндік сапарда Бауыржан Байбек еліміздің мұнайлы өңірін аралап, шалғай аудандарға дейін барып, қарапайым тұрғындармен тікелей кездесу арқылы аймақ халқының тұрмыс-тіршілігімен кеңінен танысты. Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған саяси ұйымның өңірлерге сапарлары ары қарай жалғасып, әрбір аймаққа тән мәселелер мен ерекшеліктер есепке алынып, аумақтық бағдарламаларда көрініс таппақ.
Б. Надирқызы