«Астана» телеарнасы өз көрермендеріне жуырда жаңа телесериал ұсынбақшы. "Қарлығаш" күзет агенттігі" деп аталатын фильмнің түсірілімі қазір қызған. Отбасыңызбен отырып, емен-жарқын көретін кино комедия жанрындағы туынды. Ол көктемде эфирге шығады. Түсірілім алаңдағы қызықтар жайлы келесі бейнематериалда.
Телесериалда күнделікті жұмысы көрсетіледі. Басты рольдерде әзіл әлемдегі танымал жұлдыздар. Сценарийге сәйкес олар күзет қызметіндегі жігіттердің қиын да қызықты сәттерін сомдайды.
Нұржан ТӨЛЕНДИЕВ, АКТЕР:
Біз енді тек қана күзет боп бетіміз жылтырап әртістің рөлін ойнамаймыз, бұл жерде біз шынайы көрсетеміз, физикалық жағынан тренировкаға барамыз, ондай жерлерімізді де көрсетеміз. Халықты алдамау керек қой енді, ол жағынан да бар екен.Сосын үлкен-үлкен дуалдардан секіріп үйреніп жатырмыз.
Комедия жанрындағы телесериал бас аяғы жиырма сериядан тұрады. Фильм барысында күзетшілер жақсылық жасаймын деп бастары бәлеге қап жататын тұстары да кездеседі. Актерларға аталған фильмге түсу туралы ұсыныс былтыр жасалыпты. Көп ойланбастан келістік, -дейді олар.
Дәурен ЖҰМАДІЛОВ, АКТЕР:
Рөлін ойнап жүріп күзеттегі осындай охранада істейтін жігіттердің де өмірімен танысып жатырмыз да, оңай емес екенін сезініп жатырмыз. Осы сценарий бойынша біз енді тамақ ішейін деп, болмаса отбасымызбен отырған кезде «дабыл-дабыл» дейді,.. бәрін тастап жүгіреміз.
Фильм режиссері Мақсат Оспанов әзіл-шыны аралас сценарий арнайы тапсырыспен жаздырылғанын алға тартты. Мақсат - көрерменді күлдіре отырып ой салу, деді.
Мақсат ОСПАНОВ, ФИЛЬМ РЕЖИССЕРІ:
Жалпы бұл фильмде шынайы бәрі. Өмірде болып жатқан оқиғалар, қазір мына күзет агенттігі көбінесе үйлеріне қоңырау ретінде орнатады да біреу ойыншық үшін шақырады, біреу шынайы шын шақырады. Мысалыға кейбіреуі осы тексерейікші, осыларға ақыры ақша төлеп отырмыз ғой деп кнопканы баса береді, баса береді. Ал сөйтіп басып ойнап жатқан кезде шынайы ұрылар келіп жатқан оқиғалары бар. Ал негізі қазіргі өмірде сабақ алатындай фильм деп айта аламын.
Әзіл әлемінде сахнаға түрлі образбен шығып жүрген актер жігіттер өздеріне кинодағы рөлдері ұнап қалғанын жасырмады. Фильм барысында аңғалдықтарынан арнайы операцияны құрдымға жіберген сәттері езу тартқызбай қоймайды.
Жаңа туынды Шымкентте түсіріліп жатыр. Режиссер оңтүстіктің ауа-райынының қолайлығы, көктемнің мұнда ерте шығуы да ескерілгенін айтады. Қазір түсірілім жұмысы бел ортасына кеп қалды. Сәтін салса жаңа туынды наурыз айында көрермен назарына ұсынылмақ.
А.Төребекқызы