Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

"Дипломмен ауылға" бағдарламасымен келгендерге апатты баспана берілген бе?

AstanaTV
31.01.2020ж. 20:00
3060
"Дипломмен ауылға" бағдарламасымен келгендерге апатты баспана берілген бе?

Қызылордада «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен келгендерге апатты баспанадан пәтер берілген. Арнамызға шағымданған жас мамандар осылай деді. Өйткені онда жылу, газ, кәріз жүйесі, тіпті су да жоқ. Сорақысы сол коммуналдық жүйеден ада баспана үшін жас мамандар ай сайын несие төлеп отыр. Тығырыққа тірелген олар қақаған қыста пәтер жалдауға мәжбүр. Оған қалтасы көтермегендері қалай өмір сүріп жатыр? Мәселенің анық-қанығын біліп қайтқан әріптесім Шарипа Сақтапованың репортажы.

Медбике Майгүл Төленова 3 жыл бұрын мемлекеттік бағдарламамен Қызылорданың іргесіндегі Талсуат ауылына келген. Абай көшесіндегі екіқабатты ескі үйден 3 миллион 200 мың теңгеге жеңілдетілген несиеге пәтер алыпты. Оған күрделі жөндеу жасап, биыл шағын электр қазандығын да өз күшімен орнатқан. Енді су мен газд ы кіргізбекші. Бірақ бұл оңай болмайын деп тұр.    

Майгүл ТӨЛЕНОВА, № 2 ҚЫЗЫЛОРДА АРНАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МЕДБИКЕСІ:

Бағдарлама ережесі бойынша 15 жылға алынды. Айына 18 мыңнан төлеймін. Газ, су кіргізеді дегеннен кейін мен пешті бұзып тастағам. Кеше осы жақында, декабрь айында, электрический котел қойып, сонымен жылытып отырмын. Светке 27 мың, 26 мың төлеп отырмын айына. Ауыл әкімі: су, газ кіргізуге болмайды, аварийный, деп рұқсат бермей жатыр.
 
Майгүл суды шелектеп көшеден тасып жүр. Оның айтуынша дәл осындай жағдайға өзінен бөлек тағы 3 жас маман тап болған. Олар қазір пәтер жалдап кетіпті. Жалпы Абай көшесінде орналасқан екі үйде 12 пәтер бар. Қыс бастала салысымен көпшілігі есігін жауып кетіп қалады. Қалғандары пәтер ішінде пеш жағып отыр.

Манзада САЙЛЫБАЕВА, ТАЛСУАТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Газ кәдімгі  баллон жағамыз, амал жоқ, пешке от жағамыз. Көмір-қымбат, 2 тонна, 3 тонна кетеді ғой, бала болған соң жағасын. Көмір 17 мың, 18 мыңнан ғой. Келем дегенше 5 мың тағы қосылады. Біз өзіміздің кү шімізбен газ тарта алмаймыз ғой рұқсат бермесе. 
 
Аружан ӘЗИЕВА, ТАЛСУАТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Күнде қиналамыз, су тасимыз өзіміз. Үй көбінесе жылымайды, екі жақтада үй жоқ, астымыздада үй жоқ, ешкім тұрмайды көрші үйде. Сосын үй көбінесе жылымай жатады.

Талсуат ауылында көгілдір отыннан да, судан да мәселе жоқ. Тек осы екі ғимарат қана өркениеттен жұрдай. Жергілікті биліктің дерегінше, бұл баспаналардың іргесі осыдан 52 жыл бұрын қаланған. Мұнда әу-бастан коммуналдық жүйе қарастырылмапты. Өйткені баспана экспедицияда жүрген геологтарға арналып салынған деді. Дегенмен коммуналдық жүйе тартуды қарастырып жатқандарын алға тартты.
 
Болатбек НҰРЛЫБАЕВ, ТАЛСУАТ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Қазіргі техникалық талаптар бойынша оған, бірінші кезекте, бөлек тұратын котельный салыну керек. Оның бәрі жабдықталып, содан кейін барып сол үйлерге сол арқылы жылу тарту керек. Су құбырын жүргізу үшін 1 метр 80 сантиметрдей жерді қазып кіргізу керек қатып қалмауы үшін. Соған байланысты инженерлік зерттеу жұмыстарын жүргізуіміз керек. Астындағы фундаментін көріп, кіргізуге қай жерден мүмкіншіліктер бар, зерттеліп жатыр.

Әкім бізге бұл баспаналар апатты емес деді. Дегенмен, мәселе бүгін-ертең шешілмейді. Оған жоқ дегенде 1 жыл уақыт қажет екенін ескертті. Талай жылдан бері өркениеттің рахатын көре алмай жүргендер, бұған да көніп отыр. Ең бастысы айтылып қана қалмаса игі. Сөзден іске көшетін күн туса дейді. 

Ш. Сақтапова