Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Солтүстіктегі үш облыста ауа райының қолайсыздығына байланысты төтенше жағдай жарияланбақ

AstanaTV
04.02.2020ж. 20:00
2393
Солтүстіктегі үш облыста ауа райының қолайсыздығына байланысты төтенше жағдай жарияланбақ

Қостанай, Қарағанды, Павлодарда ауа райының қолайсыздығына байланысты төтенше жағдай жариялануы мүмкін. Төтенше жағдайлар Комитетінің басшысы Владимир Беккердің сөзінше, алдағы күндері тағы қар жауады. Солтүстікте қытымыр қыс қыңыр мінезін осылай танытса, Оралда күн күрт жылынып, көшелер көл-дария суға айналды.

Павлодар полициясы өз аумағын қардан тазаламаған кәсіпкерлерге үш жарым миллион теңге айыппұл салды. Қаңтар айы басталғалы бері қар күреуге қырсыздық танытқан 800 тұлға осылай жазаланған.

Жанна БІЛӘЛОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Мәселен, "Павлодар жылу желілері" ЖШС мен "ПРЭК" АҚ қаланың абаттандыру ережесін бірнеше мәрте бұзды. Олар ескертуге қарамастан, ауласындағы қарды тазартпаған. Сондықтан, олардың әрқайсысына 300 АЕК бойынша айыппұл салынды. Бұл шамамен 800 мың теңгені құрайды.

Ал Оралда күн райы күрт өзгеріп, 7 градусқа дейін жылынып кетті. Тіпті су жаңа аурухананың өзі сыр беріп, төбесінен тамшы ақты. Коммуналдық кәсіпорындардың да жұмысы қарбалас. Көлге айналған көшеден адам түгелі көлік әрең өтеді.

Ләззат ПИРМАНОВА, ТҰРҒЫН:

Енді мүмкін емес көшенің балшығы деген. Такси шақырсаң такси де келмейді.

Қала көшелерін еріген қар суынан тазартуға жүзге тарта техника жұмылдырылған. Коммуналдық кәсіпорын күндіз-түні тыным таппаса да, су азаяр емес.

Талғат НАУШИН, «ЖАЙЫҚ ТАЗА ҚАЛА» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қыстың мезгілінде мынау күтпеген жағдай болды. Екі тәуліктің үстіне шықты ғой. Бүгін түстен кейін ғой мынау қойғаны. Кешеден бастап жұмыстанудамыз. Қаланы түгелдей қосқанда 15 жерде жұмыстанудамыз.

Су басқан көшелерді құрғатуға қол ұшын берген төтеншеліктер арнайы техникасын ұсынды. Дегенмен алдағы күндері ауа райы әлі құбылуы мүмкін.

Владимир БЕККЕР,  ҚР ІІМ ТЖ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Таңертең республикалық және түрлі деңгейдегі 23 жол жабылды. Қазгидромет мәліметтері алаңдатып отыр. Күн күрт жылынғанымен, кейін боран мен бұрқасынға ұласуы, көктайғақ болуы мүмкін. Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында қар аралас жаңбыр жауып тұр. Ал Солтүстіктегі Қостанай, Қарағанды, Павлодар және Ақмола облыстарында төтенше жағдай жариялауымыз мүмкін. Әзірге Шығыс Қазақстанның бірнеше елді мекені төтенше режимге көшірілді.

Қалың түскен тұманның кесірінен соңғы екі күнде Орал әуежайының жұмысында да іркілістер болды. Бірнеше ұшақ уақытынан кешіктірілген.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Ауа райын болжаушылардың дерегінше, алдағы күндері тұман түсіп, көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетуі ықтимал. Ал аптаның соңына таман аяз күшеді. Оған дейін оралдықтар осындай резеңке етікпен су кешіп жүре тұрады.


Е. Карин