Қызылжар өңірінде жер дауы. Айыртау ауданында бес ауылдың халқы билік өкілдеріне мұңдарын шақты. Айтуларынша, жергілікті кәсіпорын олардың жерін пайдалануға алып, артынша жұрттың рұқсатынсыз оны кепілдікке қойған. Енді аталған егістік алқаптары аукцион арқылы сатылып кетуі мүмкін. Абзал Құрманкин мән-жайды анықтады.
Жер мәселесін шешу үшін Айыртау ауданының әкімдігінде бес ауылдың халқы бас қосты. Бұқараның жерді пайдалануға алған кәсіпорын иесіне өкпесі қара қазандай. Тұрғындардың айтуынша, Жарқын СК серіктестігі жұртты айналып өтіп, 2017 жылы 700 миллион теңгеге жуық несие алған. Ал оны өтеуге қауқары жетпеген көрінеді. Енді оларды қаржыландырған агронесиелік корпорация 40 мың гектар жерді аукцион арқылы сатпақ.
Жақсылық ЫСҚАҚОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Жерімнен айырылсам, малымнан айырылғаным, малымнан айырылсам, жалымнан айырылғаным. Қазақ өзі малмен өмір сүрген. Енді сол жалғыз аз үмітіміз жерімізден айырылайын деп тұрмыз.
Ешмұқан БАЙДУЛЛИН, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Осы үш ақ күн болды. Аспаннан бомба түскендей. Контролирующий орган қайда? Заң қайда? Сол жағдаймен келіп отырмыз.
Тұрғындар 2014 жылы бұл компанияға өз пайларын сеніп тапсырғандарын айтады. Алайда, компания басшылығы жыл сайын аузын құрғақ шөппен сүртіп, табыстың үлесін де дұрыс бермеді, дейді олар.
Сәрсенбі СЕРДАЛИН, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Сол міне биыл 1 га жерге 30 кг берді. Онымен малды қалай асырап шығасың? Сосын кетеді бәрі жан жаққа. Жағдайы болмағаннан кейін аштан өле ме?
Пай жерінде егістікпен айналысқан компанияның өкілі несиені жыл сайын жауып отырғандарын жеткізді. Бірақ, 2017 жылы алынған несие емес, оған дейін пайда болған борыштан құтылып отырса керек.
Александр ПОНОМАРЕВ, «ЖАРҚЫН СК» ЖШС БАСҚАРУШЫСЫ:
Біз 2017,2018,2019 жылы егінді жинап, табыс таптық. Бірақ оның бәрі қарыз жабумен кетті. Компанияның борышы 2014 жылдан бері таусылмай келеді.
Тұрғындарға жердің аукцион арқылы сатылуы жайындағы хабарды аудандық әкімдік хабарлаған. Қазір билік өкілдерінің бұл іске етене араласуына құқығы жоқ. Бірақ құзырлы тараптардың басын біріктіруге бекініп отыр.
Едрес ЖАНАПИН, СҚО АЙЫРТАУ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Олардың бұрынғы шарттары дұрыс болмай отыр біздің көргенімізше. Олар жеке кәсіпорын болғасын, бизнес қой, біз оған кіре алмаймыз. Сондықтан басқа жақтан қозғап, тоқтағаннан кейін прокуратура мен сот арқылы шешеміз деп отырмыз.
Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Ұзаққа созылған жиналыстың нәтижесінде жер аукционға уақытша шығарылмайтын болды. Қазір «Жарқын СК» серіктестігі тез арада инвестор іздеп әлек. Бірақ 700 миллион теңге қарызы бар кәсіпорынды қалталы азаматтардың сатып алуы екіталай.
А. Құрманкин