«Біз - Жеңістің мұрагеріміз!». Атақты сегізінші гвардиялық атқыштар дивизиясының жауынгерлік туы Қазақстан қалаларын аралауға шықты. Бүгін Алматыда Ұлттық Ұлан сарбаздары сол байрақтың көшірмесін әскери-патриоттық эстафета кезінде өңірлерге шығарып салды. Жеңістің 75 жылдығына арналған игі бастамаға «Nur Otan» партиясының қалалық филиалы қолдау көрсеткен. Жауынгерлік тудың көшірмесі алғашында қаладағы нөмірі 28-ші гвардиялық-панфиловшылар саябағында бой көтерді. Кейін жиналғандар соғыс ардагері Қайырлы Жонқабаевтың шаңырағында болды.
Қайырлы ЖОНҚАБАЕВ, ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ:
Уақыт бөліп, мені құттықтап мына 75 жылдың жақындағанына көп рахмет айтамын. Сіздерге үлкен денсаулық, амандық тілеймін. Маған ерекше күн боп тұр. Сіздердің келгендеріңізге сондай қуандым, рахмет.
99 жастағы қария сегізінші гвардиялық атқыштар дивизиязында жауынгер болған. Аталмыш әскери-патриоттық эстафета мамыр айына дейін жалғасады. Сол аралықта жауынгерлік ту қырыққа жуық елді-мекенді аралап шығады. Игі бастама сұрапыл соғыста от кешкен майдангерлер есімін ұлықтау мақсатында өтпек.
Мұхаметқали САТОВ, ҚР ҚК ҰЛТТЫҚ ҰЛАН ГВАРДИЯСЫ ҚОЛБАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қазақстан басқа елдермен бірге Жеңіске айтарлықтай үлес қосты. Біз жас ұрпаққа осыны дәріптеуіміз керек. Ардагерлеріміздің бар екенін, олардың аты мәңгі өшпей, ел есінде сақталатынын жеткізу қажет.
Ә. Лесбек