$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Оқушыны 100 мың теңгеге саудалағандарға қылмыстық іс қозғалды

AstanaTV
07.02.2020ж. 20:00
3633
Оқушыны 100 мың теңгеге саудалағандарға қылмыстық іс қозғалды

Оралда 10-шы сынып оқушысын 100 мың теңгеге сатпақ болған. Қала іргесіндегі Круглоозерное орта мектебінің оқушысын саудалағандардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бозбаланың туғандары адамдықтан аттағандарды жергілікті учаскелік полиция қызметкері жылы жабуға тырысты дейді. Олар бұл іске мектеп тентектерінің қатысы бар деп отыр. Өйткені бірнеше рет ақша сұрап, соққыға да жыққанын айтты.

Жәбір көрген баланың анасы бұл қорлықтың екі жыл бұрын басталғанын айтады. Содан бері ұлын аяусыз сабап, қорлағандар мұнымен шектелмепті. Енді олар баланы үй жануары ретінде 100 мың теңгеге бағалап, сатуға қойған. Мұны әлеуметтік желіден көрген анасы кімнен көмек сұрарын білмей отыр.

Алтын АХМЕДИЯРОВА, ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ АНАСЫ:

ГОРОНО-ға жаздым, Шаған полициясына жаздым. Маған бір тиын ақшаларыңыз керек емес. Маған тәртіп керек. Басқа ештеме керек емес. Енді мүлдем жауап жоқ.

Ағасы да бауырына көмектесе алмағанын айтады. Әуелі ақша сұрап тиіскен мектеп тентектері, екі жылдың ішінде інісін төрт рет сабаған. Ол аздай, бұл жолы мүлдем шектен шықты деп отыр. Ал жергілікті учаскелік полиция қызметкері бұл істі жылы жабуға тырысты дейді.

Ерген АХМЕДИЯРОВ, ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ АҒАСЫ:

Ғаділбек деген участковый келді мұнда. Мен осында келгенде айқайлап қуып шықты сен «никтосың» деп. Жарар, шығып кеттім. Бастығына барып ем. Бастығына айқайлап, қазір сені сүйреп, шығарып тастаймын деді. Білмеймін, РОВД-ға емес, жеке мекемесіне барып отырған сияқтымыз. Бастығы дым айта алмады Ғаділбекке. Қой-қой десе де, қоймады. Одан да шығып кетіп қалдық. Төрт қабырғасы сынған. Еще басына секірген, бәрін көрді, жазды. Енді алды да істі тағы жауып тастады. Қара тізімге тіркеп қойды.

Жазира РЫСҚАЗИЕВА, ОРАЛ қ. БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Оқиғамен білім беру бөлімі таныс. Круглоозерное мектебінің әкімшілігімен біріккен жұмыстар жүргізілуде. Сабаққа қатысуы жөнінде, сыныптағы тәртібіне байланысты әлде балалармен арадағы келіспеушіліктер туралы деректер анықталған жоқ. Қазіргі уақытта біз «Күнделік» сайтынан қарап отырмыз. Сабақ жібермеген. Үнемі қатысады.

Әзірге адамды малға теңеп мазақ қылған хабарландыруды кім жазғаны белгісіз. Авторын полиция да әлі таба алар емес.

Тимур АЙТУҒАНОВ, ОРАЛ қ. ШАҒАН ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шаған полиция бөліміне тіркелді. Фотоны кімнің салғаны жөнінде анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тиісті орындарға тапсырмалар жолданды.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Жәбірленген оқушының анасы енді тентектерді жазалап, кешірім сұрауын талап етіп отыр. Ал полиция көрінеу жалған ақпарат таратқандардың үстінен қылмыстық іс қозғапты.  Егер күдіктілер табылса, олардың екі жылға сотталуы мүмкін.

Е. Карин