$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Тұрғындар құрылысқа қарсы

AstanaTV
12.02.2020ж. 20:00
2602
Тұрғындар құрылысқа қарсы

Алматының қақ ортасындағы көпқабатты үйдің тұрғындары үйлерінің іргесінде басталған құрылыс жұмысына қарсы. Олар мейрамхана тұрғызбақ болған кәсіпкердің әрекеті заңсыз дейді. Алайда әкімдіктегілер басталған құрылыс барлық талапқа да, заңға да сай деп отыр.  Тараптарды тыңдап қайтқан тілші тарқатады.

Аршын КЕМЕЛЖАН, ТІЛШІ:

Алматының қақ ортасында орналасқан мына төрт қабатты үй өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған. Бүгінге дейін сыр бермеген нысанның тағанын құрлысшылар талқандамақ. Осылай деген жұрт бір жылдан бері арыздарын арқалап, үйге жапсарласа салынбақ мейрамхана құрылысына қарсы. Тұрғындардың талабынан кейін құрылыс уақытша тоқтап тұр.


Үйлерінің қабырғалары сыр бере бастағанын айтқан жұрт, жалғыз баспанамыз жарамсыз болып қалады ма деп қорқады. Көп қабатты үйдің іргесінен мейрамхана тұрғызбақ болған кәсіпкердің құрылысына өткен жылы олар рұқсат бермеген. Алайда тұрғындардың қарсылығын елемеген кәсіпкер, ескі үйге іргелес қылып жертөле салмақшы дейді Виктория Голубева.
 
Виктория ГОЛУБЕВА,ТҰРҒЫН:

Құрылысшылар біздің үйдің фундаментін екі метр тереңдікке дейінгі қазды. Қазылған аумақтың көлемі 12 шаршы метрді құрайды. Осыдан кейін біз баспанамыздың қауіпсіздігі үшін құзырлы органдарға бардық. Осымен екінші рет құрылыс тоқтады. Құрылыс барысында заңсыздықтар орын алған, дейді. Бірақ қандай заңсыздық екенін айтпады.

Тұрғылықты халықтың толассыз арызынан кейін аудан әкімі мен қала құрылысын бақылау басқармасының өкілдері мейрамхана құрылысын бір айға тоқтату туралы шешім шығарған. Ал осы уақыт аралығында тұрғындар тәуелсіз сарапшы тағайындап, қосалқы құрылыстың көп қабатты үйге қауіпті екенін дәлелдеуі тиіс. Алайда жауаптылар құрылыс барлық талапқа да заңға да сай деп отыр.

Бақыт РЫМЖАНОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ЖОСПАРЛАУ ЖӘНЕ УРБАНИСТИКА БАСҚАРМАСЫНЫҢ АЛМАЛЫ АУДАНДЫҚ СӘУЛЕТШІСІ:


Жеке кәсіпкердің мейрамхана салу өтініші бойынша сәулеттік жоспар берілді. Өйткені, ол жерде осыған дейін де жеңіл нысан болған. Қалалық сәулет басқармасы тарапынан барлық құжаттар бекітілген. Қосымша құрылыс салу бойынша ешқандай заң бұзушылық жоқ. Сейсмикалық жағдайы да тексерілген болатын. Көпқабатты үйге келер зиян жоқ.


Тұрғындар кәсіпкердің бұған дейін де әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айтады. Әділдік іздеген олар енді сотқа арызданбақшы.

А. Кемелжан