Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Жапониядағы карантинге жабылған лайнерде қазақстандық балалар бар, - А. Смадияров

AstanaTV
18.02.2020ж. 20:00
1861
Жапониядағы карантинге жабылған лайнерде қазақстандық балалар бар, - А. Смадияров

Жапониядағы карантинге жабылған лайнерде қазақстандық балалар бар. Бұл жайныда Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров бүгін Үкімет қабырғасында айтты. Қазір кемеде 500-ден астам адам қауіпті дертке шалдыққан. Ал отандастырымыздың денсаулығына қатысты ақпараттар ертең белгілі болмақ.

Жапония жағалауында оқшауланған круиздік лайнерде қалып қойған қазақстандықтардың екеуі балалар. Денсаулық сақтау министрі олардың жағдайы бірқалыпты екенін жеткізді.

Елжан БІРТАНОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
 
Жапониялық Денсаулық сақтау министрлігімен тікелей байланыстамыз. Олардың деректеріне сүйенсек,  дәл қазіргі уақытта олардың вирус жұқтырғаны туралы ақпарат жоқ.

Айта кетейік, Жапониялық кемеде 5 ақпан күні бір жолаушыдан коронавирус табылып, карантинге жабылған. Лайнердегі 3700 адамның 500-ден астамы қазір қауіпті індетті жұқтырып үлгеріпті. Оның 40-тан астамы АҚШ азаматы. Америкалық тарап науқастарын елге қайтаруға асығар емес. Сондықтан олар жапондық медициналық ұйымдарға жатқызылады. Ал,  кемедегі карантин ертең аяқталуы тиіс. Лайнердегі қазақстандықтарда қауіпті вирустың белгілері бар-жоғы, сол кезде белгілі болмақ. 

Айбек СМАДИЯРОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
 
Карантин біткеннен кейін 2 күндік шығару процесі басталады. Неге десеңіздер, кемеде 3 мыңнан астам адам бар. Соның бәрін бір күнде шығара алмайды. Сондықтан 1-2 күнге созылатын түрі бар. Егер біздің азаматтардан ешқандай коронавирус анықталмаған жағдайда олар өз еркімен, өз жолдарымен елге қайтады.

Әлемнің 10 еліне таралған қауіпті індет әзірге Қазақстанды айналып өткенімен қауіп сейілген жоқ. Үкімет дерттің алдын-алуға  3,5 млрд теңге қарастырған. Алайда, соңғы күндері бұл сомма өзгеріп тұр. Қыруар қаржының нақты қайда жұмсалады деген сұраққа, министрі жауап беруге қиналды. 

Елжан БІРТАНОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Бұл Денсаулық сақтау министрлігінің емес, Үкіметтің қаулысы. Шынымен де айтып берер едім, бірақ оған менің құқығым жоқ. Бұл қызметтік құпия. Бұл қаражат бетперде, костюм,  зарарсыздандыратын құралдар , диагностикалауға арналған зертханалық жабдықтар сынды қорғаныс заттарын сатып алуға жұмсалады. Дәрігерлерден бөлек, шекарашыларға арналған заттарда бар.


Қазір әлемде коронавирус жұқтырғандар 70 мың-нан, ал қаза болғандар 1800-ден асады. Олардың көбі Қытайда. Індет ошағына айналған Ухандағы госпиталь басшысы да қауіпті дерттен бақилық болды. Дегенмен індеттен айыққандар да бар. 1200-ден аса адам қазір ауруханадан шыққан. 

Си ЧИШИНЬ, ҚЫТАЙ ТҰРҒЫНЫ:

 
Күнде температурам 39 градустан аса көтерілетін. Қажетті дәріні ішіп қана, қалпыма келетінмін. Бірақ дене қызуым бір түсіп, бір көтеріліп тұратын. Бірақ, менің имунитетім бәрін жеңіп шықты. Сол үшін мен үйіме қайтып барамын. 

Қытай билігі короновирустың таралмауы үшін түрлі амал-тәсілді жасауға көшкен. Олар індет қолма-қол ақша арқылы да жұғуы мүмкін деген болжаммен Ухан маңындағы аудандардан жиналған валюталарды өртеу туралы шешім шығарған. Бұл ақшалар Гуанчжоуда жойылмақ.

Ауруын жасырған өледі. Қытай билігі бұл дертке шалдыққанын жасырмақ болғандарды,  енді өлім жазасына кесуі мүмкін. Тек бұл ғана емес. Алыс жолға шыққандар да сапарының жай-жапсары туралы толық ақпарат беруі тиіс. Әйтпеген жағдайда, оларда жазасыз қалмайды. 

А. Мүтәлі