$518.97 €607.3 ₽6.64
×

«Сені іздедім, үмітті үзбедім». Бензин тапшылығы туралы.

AstanaTV
07.10.2017ж. 20:00
3684
«Сені іздедім, үмітті үзбедім». Бензин тапшылығы туралы.

Автокөлігі барлар «...сені іздедім, үмітті үзбедім» деп, массаға ұнаған әнді сарказмға салып айтып жатыр. Іздегендері – бензин. Өткен аптада авиакеросин тапшылығынан басталған әңгіме сөйтіп, кәдімгі бензиннің тапшылығымен жалғасты. Әлеуметтік желілер мен ақпарат агенттіктерінің парақтары алдымен аймақтардағы, сосын Алматы мен Астана тұрғындарының шағымдарына толды. 

Мысалы, «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі бейсенбіде былай деп жазды: Қазір Алматыдағы жанар-жағар май құю станцияларында бензин тапшылығы бар. Мәселен, «Лукойлдың» бір бекеті «бензин жоқ, қашан болатыны белгісіз» деп жауап берді. Sinooil компаниясы бензиннің қала бойынша екі станциясында ғана бар екенін, АИ 96 тек талонмен сатылып жатқанын айтты. Helios те бензиннің тек бірнеше станциясында қалғанын хабарлады.

Жұрттың жынына тиетіні – мұнайлы елде бензиннің тапшы болатыны. Яғни әңгіме мұнай өңдеу зауыттарына барып тіреледі. 4-зауытты «саламыз, саламыз» деді де, ақыры «тиімсіз» деп, жылы жауып тастады. «Тиімсіз» дегенде, бар 3 зауыт жаңартылғасын, керегі болмай қалады, деді. Ал олардың өткенде де айттық, модернизацияланып бітетін түрі жоқ. 

Сергей Смирнов, экономист:

Қарап отырсақ, билік зауыттарды жаңартуға мүдделі емес сияқты. Ресей бірінші кезекті әрине, өзінің сұранысын қамтамасыз етеді. Сосын барып, мысалы, Қазақстанға сатады. Және тауарды шетел валютасымен саудалайды. Ал теңгенің ахуалын көріп отырмыз. Бұл кешенді проблемалар жылда қайталанады, тиісінше қордаланып барады. 

Егер жағдай ушыға берсе, сарказмға толы ән айту тоқтайды. Ән кілт тоқтағанда не болады? Білесіздер...

Бензин тапшылығының бір себебі - жоспарлы жөндеуге мұнай өңдейтін екі бірдей зауыттың жабылғаны. Кейбір дерек көздерінде биыл Шымкент зауытының 20-наурыздан 1-мамырға дейін, Павлодар зауытының 1-маусымнан 7-шілдеге дейін, Атырау зауытының 18-тамыздан 16-қыркүйекке дейін тоқтауы керек болғаны көрсетіледі. Алайда мамыр айында «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы Энергетика министрлігіне Павлодар зауытын қыркүйек-қазан айларында тоқтату туралы өтініш жазады. «Ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуге оң ықпал етеді» деп. «Оң ықпалды» сезіп отырмыз – бензин жетпей... Ал Павлодар зауытының ремонтын жылжытудың себебі – зауытты жаңғырту жұмыстарын істеп үлгермей жатқан көрінеді...

Сонымен бірге, бензиннің бағасы да көтерілген. Оның енді түспейтінін Премьер-министр ғана мойындағысы жоқ. Үкімет отырысында Б.Сағынтаев Энергетика министрі Қ.Бозымбаевтан «бағаны түсіруге уәде беремін» деген жауап ала алмағасын монополияға қарсы қызметтерге «жағдайды қадағалаңдар», -деді. Ал «ҚазМұнаГаз» импортты есептегенде, АИ-92 бензинінің литрі 155-157 теңге болады деп жоспарлап қойған. Аналитиктер де бағаның қайта түспейтінін айтады. Ресейлік сарапшы Александр Былкин біздің арнаға скайп арқылы берген комментарийінде сөйдеді. 

Александр Былкин, VYGON CONSULTING компаниясының аға консультанты:

Қазақстандағы қазіргі баға өсімі Ресейдегі ахуалдың көрінісі және тапшылықпен онша қатты байланысты емес. Алда не күтуге болады? Сөзсіз, баға әрі қарай да өсе береді. Қаншалықты тез? Болжау қиын. Бірақ баға төмендемейді және  тұрақтанбайды. 

Қоғам белсендісі Сырым Әбдірахманов,осы проблемалардың тууының басты себебі – жемқорлық деп отыр. Зауыттарды жаңғырту процесінің жылдан-жылға жылжып, аяқталмайтынын, жанар-жағар майдың 30 пайызын, авиакеросиннің 70 пайызын Ресейден тасып, сол елге тәуелді болып отырғанымызды, бағаның қалай қалыптасатынын сарапшылардың өздері түсінбейтінін ойласақ, «сахнаның ар жағындағы ойыншылардың» мұртынан күліп отырғанын шамаласақ, «коррупция» туралы әңгіменің популистік сипаты жоқтығын түсінесің. Тек, «жыртылыңнан да 5 метр бер» дейтін тоймайтын ашкөз бай туралы уытты әңгімені қосқың келеді...