Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Шет мемлекеттердің түрмелерінде 3 мыңнан аса қазақстандық жатыр...

AstanaTV
07.10.2017ж. 20:00
3400
Шет мемлекеттердің түрмелерінде 3 мыңнан аса қазақстандық жатыр...

Ақжарқын Тұрлыбай есімді еліміздің азаматының сөмкесінен Қытайдың Гуанчжоу әуежайында 4,5 келі есірткі табылып, өмір-бақи бас бостандығынан айыру жазасына кесілгені мәлім. Біздің тілшілеріміз оның анасымен сөйлескен, осы айда өтеді деген сотта қызын «елге экстрадициялайтын шығар» деп үміттеніп отыр. Ал өзіне біреулер шығып, «30 мың доллар берсең, қызыңды елге әкеліп береміз» деген. Алаяқтар, әрине. Бірақ Ақжарқынның анасы ақшасы болса, бергісі бар-ау. Оның қызы да ауылдың ашық ауыз баласы сияқты көрінеді. Білмеймін, шынымен алданған сияқты. Бірақ. Бірақ бәрі бірдей ашықауыз емес, әрине. Шетелдердің түрмелерінде 3 мыңнан аса қазақстандық жатыр. Қолмен жасағанды мойынмен көтер – дұрыс. Әйтсе де жазасын елдің ішінде өтегені олардың жақындары үшін аса маңызды. Біз адамбыз ғой... Тақырыпты Базаргүл Отыншиева жалғастырады.

Базаргүл Отыншиева, тілші:

Күн сайын оңдаған мың адам өзге елдерге аттанып жатады - саяхаттайды, туыстарына қонаққа барады, немесе іссапарға шығады дегендей, ал олардың арасында әлдебір қылмысқа қатысы болғандықтан  елді тастап бара жатқан адамдар да болуы мүмкін. Әуежайдағы құрылғылар ешкімді де назардын тыс қалдырмайды, бір емес бірнеше тексерістен, сүзгіден өтесіз. Алайда қандай да бір заңбұзушылыққа жол берген кей отандасымыз амалын тауып осы тексерістерден өтіп, шекара асуы мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз. Елден кәдімгі жолаушы ретінде аттанып, жат жерде тұтылып, сақшылардың қолына түсіп қалатын жайттер да кездеседі.

Ақжарқын: Туыстарымнан кешірім сұраймын, маған ренжімеуін өтінем, маған сенгенін қалаймын.

Көз жасы көл болған бұл бойжеткенді бүкіл Қазақстан біледі десек артық айтпаспыз. Ақжарқын Тұрлыбай. Алматыда оқып жүргенде әлдекімдердің жұмсауымен шекара асып, Қытайдың Гуанчжоу әуежайында есірткі тасыды деген күдікпен ұсталған. Содан бергі 4 жылда көрші елдің түрмесі оның мекеніне айналды. Қытай соты қызды өмір бойына бас бостандығынан айырды. Кейін апелляциялық сот шешімімен қайта қарала бастаған Ақжарқынның ісі бойынша процесс соңғы рет былтыр қарашада болды. Бірақ ол кезде түпкілікті шешім қабылданбады. «Бостандыққа шығам ба?» деген үміт оты кеудесінде маздаған қаршадай қыз да, оның етжақын туыстары да содан бері келесі болатын сот отырысын күтумен жүр.

Зухра Сейтімова, Ақжарқынның анасы:  

Ақжарқынды ақтайды деген үміттемін әлі де, өйткені қызымның жазығы жоқ. Ол жақтағы соттардың да барлығының көздері жетіп отыр, бірақ білмеймін неге олай шешім шығарғанын... «Қызыңды шығарып бере аламын» деген кісілер, маған телефон соғып жатқан кісілер бар, бірақ олар ақша сұрайды, «сол жақтан шығарып әкеп береміз бәлен мың доллар берсең» дейді. Ондай мыңдаған долларды мен тауып бере алмаймын... 30 мың доллар дейді...

Ал бұл 2013-тің сәуірінде АҚШ-ң Бостон қаласында болған жарылыс. Қанды оқиғаны ағайынды Царнаевтар жасады делінген. Артынша, сол жақта оқып жүрген Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжияқов есімді қос қазақстандық осы қылмысқа қатысы бар деп айыпталды. АҚШ-ң арнайы қызметі оларды «лаңкестердің кішісі Джохарға тиесілі айғақтарды жоюға тырысты» деп кінәлады. Сот үкімімен Диас алты жылға, Азамат үш жарым жылға кесілді. Тәжияқов былтыр Америка түрмесінен босап, елге оралса, Қадырбаев әлі сонда. 

Ғалымжан Қойгелдиев, ҚР Бас прокуратурасы халықаралық ынтымақтастық басқармасының бастығы:

Техас штатының «биг спринг» түрмесінде жазасын өтеп жатыр. АҚШ әділет министрлігіне бірнеше рет жүгіндік, өтінішпен. Алайда жасаған қылмысының ауырлығына орай АҚШ тарапы оны беруден бас тартты.

Ақжарқын мен Диастың жайына сюжетіміздің соңында тағы тоқталамыз. Ал осы екеуі сияқты жат жерде істі болып темір тордың аржағын мекен еткен отандастарымыздың саны жыл санап артпаса, кемімей отыр. Құзырлы орган өзге мемлекеттердің түрмелерінде жазасын өтеп жатқан қазастандықтар 3 мыңнан асып жығылатынын мәлімдеді. Аз ба, көп пе? Жауабы қиын сұрақ туады...

3200 адам қазақстандық шетелдердің түрмелерінде отыр деген  жаға ұстатарлық статистика, аяусыз статистика, олай болмау керек...

Иа «олай болмау керек» дегіміз-ақ келеді. Қазақстан өз азаматтарына елімізде ғана емес, шетелде де қамқор және қорған болуы керек. Мейлі ол заң бұзған азамат болса да. Бұл Ата заңымызда жазылған. Осы ретте сенаторлар  «сотталғандарды елге қайтару ісі қалай жүріп жатыр өзі, ілгерілеу бар ма» деп алаңдайды.

Владимир Волков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Оларға  құқықтық қолдау керек. Қазақстанға  туристердің қызығушылығы артып келеді. Мәселен, 2016 жылы елімізге 170 мемлекеттен 6,5 миллион турист келген. 10 миллионға жуық жерлестеріміз шетелге барған. Олар өкінішке орай, түрлі оқиғаларға тап болады. Мұндай келісімдер азаматтарымызды қайтаруға септігін тигізер еді.

Ал тәуелсіз заңгер Бабыр Шаяхметов келісімдер бар, конвенцияларға мүшеміз, әйтсе де оларда көрсетілген шарттарды жүзеге асыру процесі баяу жүргізіледі деген пікірде. Шалағайлық па, шикілік пе, қысқасы олқы тұстар баршылық дейді.

Бабыр Шаяхметов, заңгер:

Халықаралық конвенциялар болсын, келісімдер болсын, нақты ұсыныстар бере отырып, әлі де жетілдіре түсуіміз керек, талдай түсуіміз керек. Саясаткерлер, заңгерлер  егер осы істі аяғына дейін жеткізсек, жұмысты жетілдірсек, мен ойлаймын, келешекте олардың саны 500-ге, болмаса мыңға түсер.

Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, Қазақстан өз азаматтарын туған жеріне қайтаруға, жазасын осында өтеуіне мүдделі, жасалып жатқан шаралар жоқ емес, бар.

Марат Ахметжанов, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

Былтыр 103 азамат біздің сұрауымыз бойынша Қазақстанға берілді. 85 азаматты біз басқа елдердің сұрауымен оларға беріп отырмыз.  

Соңғы бірнеше жылда елге экстрадицияланған отандастардың барлығын тізбелеу мүмкін емес, десе де бірқатарына тоқталсақ.

Статистика агенттігінің экс-төрайымы Анар Мешімбаева 2009 жылы ұлттық санаққа бөлінген миллиондарды жымқырды деп айыпталған. Қазақстанды тастап қашқан ол, төрт жылдан соң Мәскеуде құрықталып, елге жеткізілді.  

Атышулы іске қатысы бар тағы бір қашқын Жақсылық Жәрімбетов. БТА банктің экс-төрағасы Мұхтар Әбләзовтың оң қолы болған, жылдар бойы шетте бой тасалап жүрген Жәрімбетов Түркияда қолға түсіп елге жеткізілді.  

Ұйымдасқан топпен бірге жалған кәсіпорын құрды, салықтан жалтарды деген айып тағылған бизнесмен Марат Жұпқазиев өткен жылдың тамызында Тайландта құрықталып, елге жеткізілді.  

5 жыл шетте бой тасалап жүрген тағы бір қазақстандық Дамир Зналиев жыл басында Ауғанстанда құрықталып елге экстрадицияланды.

Осылайша, Қазақстанға қайтарылғандардың тізімі ақырындап болса да ұлғайып жатыр, ал заңгерлер мұның оңай процесс еместігін еске тағы бір салды.

Ғалымжан Қойгелдиев, ҚР Бас прокуратурасы халықаралық ынтымақтастық басқармасының бастығы:

Сотталған Қазақстан азаматтарын елімізге беру туралы түпкілікті шешім сол елдің құзырлы органымен қабылданады. Бұл ондағы шешімнің Қазақстан территориясында орындалатыны туралы кепіл негізінде жүзеге асырылады, қазір 17 азаматқа қатысты осындай кепілдік берілді, енді осы азаматтарды бізге беру, не бермеу туралы шетелдердің құзырлы органдарының соңғы жауабын күтудеміз.

Ал осы кезде, мұхиттың арғы жағында өрімдей қазақ жігіті Диас та бостандыққа шығатын сәтін күтіп жүр. Ай, күн, сағат санап жүр. Туысқандары оны Азамат сияқты елге алып келгісі –ақ келеді. Бір әрекеттер жасау ниеттері де бар сияқты. Бірақ интервью беруден үзілді-кесілді бас тартты. Қанаты қайырылған тағы бір қазақстандық жас - Ақжарқынның мәселесі тіпті қиын. Оның ісі бойынша сот отырысы осы айда өтуі мүмкін, сөйтіп бұл шырғалаң іске нүкте қойылуы ғажап емес. Осылай деп қыздың Қытайдағы қорғаушысы қыркүйектің басында мәлімдеген. Ал қазақстандық қорғаушысына хабарласқанымызда «әзірге бұл ақпаратқа алып-қосарым жоқ», - деді. Қысқасы қаршадай Ақжарқынның тағдыры алдымен Алланың, сонан соң аспан асты еліндегі соттың қолында. Не айтуға болады? Қазақ мұндайда «үмітсіз шайтан» демеуші ме еді...

Базаргүл Отыншиева, тілші:

Шетелге барған әрбір жолаушы саяхат аяқталған тұста елге жасауылдың шығарып салуымен емес, өз еркімен, жайраңдап оралғанына не жетсін. Жат жердегі сапарды ешбір қиындықсыз тәмамдап , отаныңның топырағына аман сау, тыныш, жайбарақат жағдайда табаның тисе, ең абзалы да сол болар...