Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Жылу маусымының бітпейтін жыры. Петропавлда майшаммен отырғандар бар...

AstanaTV
07.10.2017ж. 20:00
2345
Жылу маусымының бітпейтін жыры. Петропавлда майшаммен отырғандар бар...

Енді жылу маусымы туралы. Жылда қайталанатын жағдай – коммуналдық шаруашылықтар дайын емес. Кеш жүргізілетін жөндеулер, немесе мүлдем істен шыққан құбырлар мен қазандықтар. Бүрсең қаққан тұрғындар, балабақшалар мен мектептердегі пальто-куртка киіп отырған балалар. Екінші жағынан, тұрғындардың жылу үшін қарызы 10 миллиард теңгеден асқан. Шеңбер. «Шеңбер» туралы Абзал Құрманкиннің репортажы. 

Бұл Кирриловтар шаңырағы. Отбасы мүшелері үйде оранып жүреді. Қырсық шалғанда, сүйектен өтер суықта тоқ та өшіп қалды. Отанасы Тамара осымен екінші күн баласымен сабақты майшамның жарығымен оқып отыр.

Тамара Кириллова, Петропавл қаласының тұрғыны:

Бір тәулік бойы жарықсыз отырмыз. Сабақты майшаммен оқу қиындау екен. Көзге әсер етеді ғой. Үй де азынап тұр. Ауырып жүргеніме бір апта болды.

Тұрғындардың жарықтан қағылуы кездейсоқ емес. Үйлерде батарейлер салқын болғандықтан, жұрт пәтерлерін жылытқыштармен жылытуға мәжбүр. Осының кесірінен тұрғын үйді тоқпен қамтып отырған негізгі кабель күйіп кетті. Барлығы жарықты шамадан тыс пайдаланғанда оған сымның шыдас бермеуі заңды, әрине. Сондықтан жұрт энергектиктерге емес, жылу тарату компаниясына ашуланып отыр.

Абдолла Әбдірахманов, Петропавл қаласының тұрғыны:

Бізді жылумен қамтып отырған Васильева көшесіндегі жылу жүйесін осымен үшінші рет жөндеп жатыр. Құбырды үзіп-үзіп ауыстырады. Биыл жазда екі рет қопарды. Бұл не қылған сұмдық? Өзі тоқсаныншы жылдарға оралғандай болдық. Не ыстық су, не жылу, енді міне жарық та жоқ.

Осы аптада Қызылжарда бақандай алты көпқабатты үй электр тоғынан ажыратылған. Барлығында да бір проблема – негізгі сым күйіп кеткен. Энергетиктер тәулік бойы айналаны қопарып, сымды ауыстырып әлектенген болатын. Сөйтіп, абырой болғанда, барлығы дерлік қайтадан тоқпен қамтылды. Енді негізгі проблемаға көшсек. Қала жылусыз отыр. Бүгінде шаһарда 1061 тұрғын үй болса, оның бесінші бөлігі бейнелеп айтқанда, "қатып жатыр". Баспана жайы өз алдына, қазір балабақшалардың ахуалы қиын. Мәселен, «Чайка» балабақшасында балақайлар қабат-қабат киініп жүр. Бөлмелердегі температура 18 градустан аспайды. 

Раиса Борисова, «Чайка» балабақшасының меңгерушісі:

Балабақшада 300 бала тәрбиеленіп жатыр. Қазір оның жартысы ғана келіп жүр. Топтарда сынап бағанасын 15 градустан төмендетпеуге тырысамыз. Электр жылытқыштарды қолдануға тыйым салынған. Бірақ, біз балалар отыратын бөлмеде бір-бір құрылғыдан қойып қойдық.

Мектептерде де жағдай осыған пара-пар. Сыздан қажыған оқушылар сабақта сырт киіммен отырады. Кей білім ошақтары балаларды сорлатпау үшін сабақты 30 минутқа дейін қысқартқан. Директор батарейлерді күніне бірнеше мәрте тексереді. Наталья Мальцева жылыту компаниясын мазалап біткенін айтады. 

Наталья Мальцева, «Дарын» мектеп-лицейінің директоры:

Біз шілде айында дайын болдық. Қыркүйектің 25-де жылу берілді. Магистральден келіп тұрған құбырдағы судың температурасы 60 градус. Негізінде ол 70-тен кем болмауы тиіс. Қысымы да өте төмен. Сондықтан жылу бүкіл жүйеге тарамай отыр. Жылудың қашан дұрыстап берілетіні әзірге белгісіз.

Петропавл атқанімерлері қыркүйектің 25 -де жылыту маусымының басталғанын хабарлады. Алайда жауапты компания  жаңа науқанға дайын болмай шықты. Үш жылу магистралінің жөнделуі әлі аяқталмаған. Екі жылу жүйесінің жаңғыртылуы енді бітіп жатыр. Ал негізгі магистральдағы құрылыс жұмыстары қазанның онына дейін жалғаспақ. Оның қасындағы баспаналар өзге жүйеге қосылғанымен, оларға қысым жетпей жатыр.

Марат Тасмағанбетов, Петропавл қаласының әкімі:

Дайындық паспорттарының бар-жоғына қарамастан барлық үйлерді жылуға қосамыз. Қалған 300 ден астам баспана қазанның сегізіне дейін жылумен қамтылады. Жылу жүйелеріндегі температураның деңгейі бүкіл талаптарға сәйкес болады. Алтынсарин көшесіндегі бірінші және екінші жылу магистралі іске қосылғасын температуралық режим қалпына келеді.

Қызылжарда жылу жүйелерінің алпыс пайыздан астамы өткен ғасырда тартылып, бүгінде әбден тозып кеткен. Жылу барлық үйлерге бірдей тарау үшін құзырлы мекеме қысымды шектен тыс асырып жіберді. Осының салдарынан әзер жұмыс істеп тұрған құбырлар бірінен соң бірі жарыла бастады. Бірі тіпті көше қиылысында сыр берді.
Жолдың қақ ортасында пайда болған гейзердің кесірінен маңайдағы бірнеше жер үйді су басты. Жауапты компания ескі құбырды жаңасына ауыстыру жұмысын қолға алды. Негізі бұл құбыр былтыр бірнеше мәрте жарылып, жамалған екен. Демек монополистер ірі апат болмайынша, оны ауыстыруды жөн санамаған.

Игорь Рыбас, «Петропавл жылу жүйелері» ЖШС бас директоры:

Құбыр сексенінші жылдары орнатылған. Оның қолданылу мерзімі 25 жыл. Демек әбден тозған. Былтыр  7 рет жарылды. Биыл тексеріс жұмыстарының барысында 2 мәрте сыр берді. Қазір оны жөндеп жатырмыз. Ауданға бүгін жылу беріледі.

Құбырлардың тозып біту мәселесі бүкіл елімізде бар проблема. Мысалы, Қарағандыда екі жүзден астам баспана жылусыз отыр. Көбі жылу жүйелерінің жаңғыртылуына байланысты қосылмаса, енді біріне пәтер иелері кооперативі кінәлі, дейді тұтынушылар құқығын қорғау ұйымының жетекшісі Жаслан Айтмағамбетов.

Жасұлан Айтмағамбетов, «Гарант» тұтынушылар құқығын қорғау ұйымының жетекшісі:

Құбырлардың жарылуы күзде басталады. Көбі оны жазда дайындамайды. Кейін жөндеу жұмыстары біткенше, аязда жылусыз отырады. Сондықтан пәтер иелері кооперативінің жұмысын ашық қылған дұрыс. Біз әрбір ПИКке сайт ашу бастамасын ұсындық. Ол жерде бүкіл шығындар жарияланар еді. Сонда олардың жұмысын қадағалау оңай болады.

Жылыту маусымы Қарағандыда қазанның бірінде басталған. Алайда, жаңғырту жұмыстары мұнда да уақытында аяқталмаған.

Рүстем Қожақапанов, Қарағанды қалалық әкімдігі ТҮКШ үйлестіру бөлімінің жетекшісі:

Бүгінде 210 тұрғын үй құбырларын жаңарту жұмыстары мен ПИК-тердің дайындалмауы себебінен орталықтандырылған жылу жүйесі қосылмаған. Мердігерлердің де кінәсі бар. Қазір олар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Қазір талаптарға сәйкес, үш күн қатарынан ауа температурасы сегіз градустан көтерілмесе, онда қала басшылығы жылыту маусымын бастауға құқылы. Артынша жылу тарату компанияларына бүкіл қаланы қосуға 23 күн беріледі екен. Яғни, күн райы қыркүйекте салқындаса, кей тұрғындарға жылу тек қазан айының аяғында ғана жетеді. Бірқатар өңірде осындай механизмді қолдану дағдыға айналып кеткен. Бірақ күннің әбден суып, халықтың дірдектеуін күтудің қажеті қанша?

Жылуға қатысты барлық мәселелер механизмнің бұрыс жұмыс жасауынан туындайды. Яғни, осы саладағы бір тетіктің қателігі бүкіл жүйеге әсер етеді. Сондықтан жылу саласы мінсіз жұмыс істеу үшін, аталған проблемаларды жүйелі түрде шешу керек.

Расулбек Мұсабеков, Алматы энергетикалық институты Өнеркәсіптік жылумен қамту кафедрасының меңгерушісі:

Механизмнің вентигі сияқты, мысалы, бір вентигі жұмыс істемей қалса, бір жері шиқылдап, бір жері істен шықса, бүкіл жері жұмыс істемей қалады. Әр жерде отырған адамдар өз жұмысын істеу керек. Мысалы, өндірістегілер өндіріп, тарататындар таратып, тұтынушылардан қарызын жинайтындар қарызын жинап, бәрін істеп тұру керек.

Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы оның ішінде жылу жүйесі де бар, шын мәнінде әбден тұралаған сала. Сала миллиардтаған теңге инвестицияға мұқтаж. Әсіресе қысы алты айға созылатын солтүстік өңірлерде адамдар қажып бітеді. Мардымсыз жалақының нәпақасы болса да, жылы үйде отырып ауқаттанғылары келеді...

А.Құрманкин Р.Асқарбекұлы А.Қуаш «Біздің уақыт».