Екібастұздағы «Алтынай» арнайы балабақшасының ғимараты апатты жағдайда тұр. Мекеме денсаулығында кінәраты бар балаларға арналған. Балабақшының шатыры мен қасбеті, тіпті жылу жүйесінің әбден тозығы жеткен. Өндірісті шаһарға барған "Nur Otan" партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек осы мәселеге назар аударды.
Бұл балабақшаның 30 жылдан аса тарихы бар. Қазір 137 балаға тәрбие беріп отыр. Алайда, мекеме өткен ғасырдың 80 жылдарынан бері күрделі жөндеу көрмеген. Сықырлаған еден, тозығы жеткен шатыр мен жылу жүйесіндегі ақау осыған дәлел.
Анна ГЕРБЭРГАЗИНА, ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бірінші кезекті бассейнді қалпына келтіру керек. Өйткені, балалар толыққанды ем-шара алулары тиіс. Оған қоса ғимараттың шатыры, едені, есік, терезелері барлығы ескірген. Осылардың барлығын ауыстыру керек.
Балғындар мұнда 3 бағыт бойынша тәрбие алады. Тілінде мүкісі, ақыл есінде ауытқуышылығы бар бүлдіршіндер ерекше қамқорлықты талап етеді. Ал, балабақшада олардың денсаулығын жақсартуға толыққанды жағдай жасалмаған.
Нұржамал ЕЛЕУОВА, ЕКІБАСТҰЗ қ. "АЛТЫНАЙ" АРНАЙЫ БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Біздің балабақшаға деген қажеттілік артып келеді. Бүгінгі күні 24 бала кезекте тұр. Барлығына орын бергіміз келеді. Бірақ, оған біздің материалдық жағдайымыз мүмкіндік бермейді.
Аталған мәселемен танысқан "Nur Otan" партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек ата-аналармен кездесіп, олардың да мұң-мұқтажын тындады. Түйткілді таяу арада шешу үшін тиісті шаралар қабылданатынын айтты. "Ғимаратқа күрделі жөндеу кезең-кезеңімен іске асырылады. Себебі, балабақшаның жұмысын тоқтатуға болмайды" - деді.
Ал Сарықамыс ауылының 450 тұрғыны әлі күнге дейін құдықтан су тасып ішеді. Мәселемен танысқан Бауыржан Байбек ауылдықтардың өтініші партиялық бақылауда болатынын айтты. Жергілікті атқамінерлердің айтуынша, орталық судың құрылысы биыл аяқталмақ. Сондай-ақ, партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Павлодар қаласының белсенді тұрғындарымен де кездесіп, экология, еңбек заңнамасы, сыбайлас жемқорлық секілді өңірдің өзекті мәселелерін талқыға салды. Әр мәселе бойынша партия жүйелі жұмыс атқармақ.
Ө. Қуанар