Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Ресейде қазақстандық автобустың апатқа ұшырауына не себеп болған?

AstanaTV
06.10.2017ж. 20:00
2888
Ресейде қазақстандық автобустың апатқа ұшырауына не себеп болған?

Ресейде апатқа ұшыраған қазақстандық автобустың, темір жол өткелінде тұрып қалуына, аккумулятордың әлсіздігі себеп болған. Бұл туралы аман қалған автобус жүргізушісі айтты. Ірі жол апатының салдарынан 15 Өзбекстан азаматы мен бір қазақстандықтың көз жұмғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Дәуренбек Бақдәулетұлы тарқатады.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Бұдан бұрын хабарланғандай, жол апаты бүгін Ресей уақытымен түнгі 03:39-да Покров теміржол стансасында болды. Жолаушылар толы автобус темір жол өткелінен өтіп келе жатқанда қозғалтқышы істемей тоқтап қалады. Көлікті тез арада от алдыру мүмкін болмапты. Аман қалған жүргізуші Нұрғали Сармановтың сөзінше, оған аккумулятордың әлсіздігі себеп болған. Оқиғаға қатысты нақты ақпаратты СІМ өкілі таратты.

Ануар Жайнақов, ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі:

57 азамат болған. Оның екеуі қазақстандық. 1970-ші жылы туған азамат қаза тапты. Екіншісі Покров қаласындағы уақытша орналастыру пунктіне орналастырлыды.

Жүйіткіп келе жатқан пойызбен соқтығысқан автобустың ішіндегі 16 адам көз жұмды. Оның үшеуі бала. Кей ақпарат көздері қаза тапқандардың саны 20-дан асуы мүмкін дейді.  1990 жылы зауыттан шыққан Мерседес көлігінің жүргізушілері - 1970 жылғы Данияр Шілдебаев пен 1977 жылы туған Нұрғали Сарманов. Олар Ресейге 29 қыркүйек күні «Жайсан» шекарасы арқылы өткен. Осы жолғы рейсті тапсырыс бойынша орындаған.

Руслан Блинов, РФ ТЖМ Владимир облысы бойынша басшысының орынбасары:

Оқиға басқармалы темір жол өткелінде болды. Алдын ала мәлімет бойынша, автобус жүргізушісі жол ережесін бұзған. Өкінішке орай, көз жұмғандар мен зардап шеккендер бар. Жарақат алғандар аудандық орталық ауыруханаға жіберілді. Барлық көмек көрсетіліп жатыр, дәрігерлердің қатаң бақылауына алынды.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Оқиға орнында барлық күштік құрылымдар жұмыс істеп жатыр. Ресей ТЖМ-нің Владимир облысы бойынша аэромобильді тобы да жұмылдырылды. Покров қаласында уақытша тұру орны ашылған. Жедел желі телефондары да іске қосылған. Белгілі болғандай, жолаушылар от алмаған көлікті өз еркімен итеріп жолдан шығармақ болған, бірақ еш нәтиже болмапты, қаза болғандардың басым көбі сол сәтте автобуста шырт ұйқыда жатқандар.