$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Алматыда «Туризм және саяхат» халықаралық көрмесі ашылды

AstanaTV
20.04.2016ж. 20:00
5019
Алматыда «Туризм және саяхат» халықаралық көрмесі ашылды

Қырым қай елдің аумағында тұрса да, қазақстандықтар онда демалудан бас тартпайды. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан «Туризм және саяхат» халықаралық көрмесі аясында туризм қауымдастығының басшылары мәлімдеді. Украинаның Қазақстандағы елшілігі "Қырым түбегіне жолдама сатқан туроператорлар жауапқа тартылады" деп мәлімет таратқан. Бұған орай Сыртқы істер министрлігі ресми жауап қатпады. Ал жергілікті компаниялар бұл аймаққа жолдама сатуды уақытша тоқтатқан.

Қырым түбегінде демалғысы келетін туристер баршылық. Бірақ мәртебесі анықталмаған курортқа қатысты кеше Украина біздің елге өз наразылығын білдірді. Яғни осы елдің елшілігі өзінің ресми сайтында "Қазақстан туркомпаниялары Қырымға туристік жолдама сату арқылы, терроризмді қаржыландырып отыр" деп жариялаған. Ресми органдар бұл мәлімдемеге қатысты үн қатқан жоқ. Ал Қазақстан туристік қауымдастығының директоры Рашида Шәйкенова туризмді саясатпен  араластырмау керектігін айтады.

Рашида Шәйкенова, Қазақстан туристік қауымдастығының директоры:

Біз қай бағытта сұраныс болса, соған байланысты жолдамаларды сатамыз. Қазақстан туристік қауымдастығы еліміздің Сыртқы істер министрлігіне сұрау хат жолдады. Жауабын күтіп отырмыз.

Көрші мемлекеттердің аумағында туындаған жанжалдар Қазақстан үшін туристік мүмкіндіктерді пайдаланатын оңтайлы кезең, дейді сарапшылар. Ресей мен Түркия арасындағы текетірестен соң, отандық туризм нарығы демалушылардың үлкен легін күтіп отыр. Бурабай, Балқаш, Алакөл мен Қапшағай үшін жаңа туристік мүмкіндіктер көкжиегі көрінді. Тиісті қызмет көрсету сапасы мен инфрақұрылымға да ерекше назар аударылған. Алматы облысында бірнеше бағыттарға халықаралық стандартқа сәйкес тас жолдар төселіп жатыр.

Серік Тұрдалиев, Алматы облысы әкімінің орынбасары:

Алматы-Қапшағай-Талдықорған, ары қарай Алакөлге дейін жаңа жол салынып жатыр. Сол сияқты Көлсайға да жол салуды бастадық. 

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Жылдың ең үздік туристік шарасы биыл Қазақстанда 16-шы рет ұйымдастырылып отыр. Дәстүрлі «Туризм және саяхат» халықаралық көрмесі 43 мемлекеттен 500-ге жуық туристік компаниялардың басын қосқан. Ал Қазақстан туризм нарығы үшін бұл көрменің маңызы ерекше.

Көрмеге Түркия да үлкен даярлықпен келген. Бұл елдің туризм министрлігі Алматыда өтіп жатқан халықаралық шараға 7-ші жыл қатарынан қатысып отыр. Биыл да қазақ туристерін ерекше ықыласпен қарсы алуға дайын. Қазақстаннан жыл сайын түрік курорттарына 250 мыңдай отандасымыз демалуға барады.

Салих Гөзжу, Түркия мәдениет және туризм министрлігінің өкілі:

Алдыңғы жылдары Ресейден бізге келетін туристер саны 7 миллиондай еді. Былтыр бұл сан 4,5 миллионға қысқарды. Ал соңғы рет орын алған саяси жанжалға байланысты ресейлік туристер саны биыл 1,5 млн адамнан аспайды деген болжам бар. Есесіне Қазақстаннан келетін туристер саны артады деп үміттеніп отырмыз.

Соңғы жылдары қазақстандықтар арасында демалыс үшін Қытай, Малайзия, Үндістан, Грузия және Әзірбайжан елдерін таңдайтындар көп. Ал қалталылар әдеттегідей Еуропа, Біріккен Араб Әмірліктері мен Америка құрлығына сапарлағанды жақсы көреді. Халықаралық көрме үш күнге жалғасады. Бұл күндері туристік жолдамалар саудаланбайды. Тек шет мемлекеттердің туристік мүмкіндіктерін бағамдап, шешім қабылдауға мүмкіндік бар.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ