$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қазақстанда игерілмеген жерлерге салынатын салық 20 есеге артпақ

AstanaTV
21.02.2020ж. 20:00
2612
Қазақстанда игерілмеген жерлерге салынатын салық 20 есеге артпақ

Елде игерілмеген жерлерге салынатын салық көлемі 20 есеге артуы мүмкін. Ауыл шаруашылығы министрлігі тиісті заңнамаға түзетулер енгізбекші. Ол құжат жақын күндері Парламенте талқыланады. Бұл туралы бүгін министрліктің кеңейтілген алқа жиынында білгілі болды. Ведомство қожалықтар үшін енгізілетін бірқатар өзгерістер жайында айтып берді.

Биылдан бастап малды тірідей экспорттауға тиым салынған, алайда бұған наразылық танытқан кәсіпкерлер ара-тұра бой көрсетті. Министрлік мұны уақытша құбылыс деп бағалады. Олардың пайымынша, малды сыртқа шығарғаннан елдегі ет бағасы едәуір өскен. Бұл өзгеріс сол үшін де қажет болды дейді. Алайда, ведомство ет бағасын тұрақтандыруға әлі кепіл бола алмай отыр. 

Айдарбек САПАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз өндіреміз, ал дүкендер бөлшек саудада сатады. Ал оны бақылайтын Сауда және интеграция министрлігі. Арада делдалдар болуы мүмкін. Мен дәл соның ешбірі ет бағасына үстемақы қосып сатпайды деп дөп басып айта алмаймын.

Бұдан бөлек, ведомство игерілмеген жерлер үшін де талапты күшейтпек. Министрлік жыл басынан бері ғарыштан мониторинг жүргізу арқылы, бос жатқан жерлерді анықтап, 1,8 млн гектар жайылымды мемлекеттің меншігіне қайтарған. Биылдан бастап жерді иемденіп, бірақ игілігін көрмей отырғандарға айыппұлды еселеуді көздеп отыр. Тіпті оның пайдалау мерзімін екі жылдан бір жылға дейін қысқартпақ.

Рүстем ҚҰРМАНОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Бұған дейін бос жатқан жерлер үшін салықты 10 есе артық төлейтін. Біз бұл мөлшерлемені қайта қарап, 20 есеге ұлғайтқымыз келеді. Арамызда 50 есеге дейін көтерейік деп ұсыныс тастап жатқандар да бар. Бұл кезде қожалық иесі бос жатқан жерінен өз еркімен бас тартады. Ал біз оны игере алатындарға береміз.

Министрлік жасаған зерттеу қорытындысына сенсек, барлық аймақта жайылымды жер жетіспеушілігі бар. Әсіресе оңтүстік өңірлерде. Бір қызығы осы уақытқа дейін шаруа қожалықтардың атына тіркелген 72,4 млн гектар аумақтың жартысында ғана төрт түлік жайылып жүр. Осыған байланысты құзырлы министрлік жергілікті атқамінерлерге тиісті шаралар қолдануды ескертіп хат жолдаған. 

А. Мүтәлі