Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

БҚО Ақжайық ауданы Мойылды ауылының тұрғындары ауыз суға жарымай отыр

AstanaTV
25.02.2020ж. 21:05
4471
БҚО Ақжайық ауданы Мойылды ауылының тұрғындары ауыз суға жарымай отыр

Ауыз судың зарбады. Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданына қарасты Мойылды елді-мекенінің тұрғындары ауыз судың азабын жылдар бойы тартып келеді. Халық ауылдың іргесіндегі көл суын ішіп жүр. Арнамызға көмек сұрап хабарласқан көрерменнің айтуынша, көл суында құрт бар. Әкімдіктің табалдырығын тоздырған халық тың базынасына аудан атқамінерлері ат үсті қарап келеді. 300-ге жуық тұрғыны бар ауылдағы жағдайды, тұрғындар таспаға түсіріп жіберіпті. Экранға назар салайық.

Оксана ПЕТЕРС, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

Батыс Қазақстан облысының атқамінерлері бұған қатысты не айтар екен?. Байланысып көрейік. Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов бізбен тілдесуге дайын екен. Қайырлы кеш, Қалияр Шадиярұлы! Жоғары билік ауылдарды дамытуға ден қою туралы бір емес бірнеше мәрте айтты емес пе? Қаншама адам лас су ішіп отырмыз дейді. Бұл мәселе шешімін таба алмай келе жатқанына қанша жыл болды?

Қалияр АЙТМҰХАМБЕТОВ, БҚО АҚЖАЙЫҚ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:


Мойылды ауылында Ақжайық ауданына қарасты 76 үй бар. Біз енді құрттаған су ішіп отыр дегенге келіспейміз. Аудан орталығынан 12 шақырым жерде орналасқан бұл ауыл. Тасмалды түрде су деген жеткілікті. Ауылдың ішінде 12 құдық бар. Енді бізде "Ақбұлақ" бағдарламасы жақсы жүзеге асып жатыр. Сол бағдарлама арқылы өткен жылы жобалық сметалық құжаттарды жасақтадық, керекті орынға өткіздік.  Биыл өтінімді құрылыс басқармасына жолдадық. Бөлінген жағдайда Мойылдыға су өткізіледі.

Оксана ПЕТЕРС, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

Енді халық алдамайтын шығар, бізге бейнетаспаға түсіріп жолдап отыр. Сап-сары су ішінде құрт бар деп отыр. Халық алдамайды ғой бекерден-бекер. Сол суды өзіңіз тұтынасыз ба, ішіп көрдіңіз бе?
   
Қалияр АЙТМҰХАМБЕТОВ, БҚО АҚЖАЙЫҚ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бұл суға малды суғарады. Суды үнемдеу мақсатында малды суғарады. Сонымен қатар, қосалқы шаруашылықтарына пайдаланады. Ауданнан тасмалдаған су аудан орталығындағы 11 мың халық ішіп отырған су.


Оксана ПЕТЕРС, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:


Халықтың тұтынып отырған суын тексеріп көрдіңіздер ме? Ішуге жарамды ма, жарамсыз ба? Бұл ауыл 2011-2020 жылдарға арналған "Ақ бұлақ" мемлекеттік бағдарламасына неге енбей қалған?

Қалияр АЙТМҰХАМБЕТОВ, БҚО АҚЖАЙЫҚ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бүгінгі күні аудан бойынша сумен қамту пайызы 89 пайыз болып тұр. Қазір бізде 7 ауыл қалып отыр сумен қамтылмаған. Бұл шаруа 2-3 жылда толық аяқталады.


Оксана ПЕТЕРС, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:


Сұхбатыңызға рақмет! Байланыста болған Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов. Біз де бұл жағдайды өз бақылауымызға аламыз. Қымбатты көрермен, сіздің де өзекті мәселеңіз болса, хабарласыңыз!  Біз сізбен бірге тікелей эфирде жауабын іздейміз. Егер заңсыз оқиғалар мен төтенше жағдайлардың куәсі болсаңыз, экранда көрсетілген нөмір арқылы хабарласып, видео немесе аудио жолдасаңыз болады.

А. Данияр