Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Төрт баласы бар келіншекті көлігімен қағып өлтірген экс-полицей кінәсін мойындады

AstanaTV
02.03.2020ж. 20:00
2240
Төрт баласы бар келіншекті көлігімен қағып өлтірген экс-полицей кінәсін мойындады

Ішімдік ішіп, көлігімен адам қағып өлтірген оралдық экс-полицей өз кінәсін мойындады. Оның тіпті сол сәтте автокөлікті басқаруға құқылы екенін дәлелдейтін құжаттары да болмаған. Төрт баласы бар келіншектің өліміне қатысты сот отырысы, бүгін басталды. Марқұмның туыстары кінәліге ауыр жаза берілуін талап етіп отыр. Әріптесім Еркін Карин тақырыпты толықтырады.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Қайғылы жағдай былтыр 7 желтоқсанда түнгі сағат үште болған еді. Жолда қонақтан шыққан Бектұрғановтардың көлігінде жанармайы таусылады. Отағасы әйелін рөлге отырғызып, өзі мәшинесін итеріп, жақын жердегі жанармай бекетіне жетпек болады. Сол кезде олардың көлігіне полицияның бұрыңғы инспекторы Медет Рахадилов мінген автокөлік соғылған.

Ауыр соққыдан көлік тізгіннінде болған әйел адам жарақат алып, бірден комаға түскен. Екі күннен кейін науқас ес жимастан көз жұмды. Оның артында аңырап төрт баласы қалды. Осыдан соң қылмыстық іс қозғалып, инспектор жұмыстан шығарылды. Бірден қамауға алынған болатын. 

Айыпталушы Медет Рахадилов кінәсін толық мойындады. Бірақ оқиғаның қалай болғанын айтудан бас тартты. Сот отырысында оның мас күйінде көлік жүргізгені, тіпті тиісті құжаттары да болмағаны айтылды.

Марқұмның туыстары айыпталушыға ауыр жаза берілуін талап етті. Өйткені ол осыған дейін де осындай теріс әрекетімен бірнеше рет көзге түскен. Бірақ ол әрекеттері үшін жазаланбапты.

Райхан СЕЙІТҚАЛИЕВА, ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ ТУЫСЫ:

Ол бір емес, бірнеше рет осылай ұсталған. Постоянно арақ ішеді. Шөп шегеді дейді. Жүрген жүрісі осы. Бір семьяның тас-талқанын шығарды. Келініміз қыршынынан қиылып кетті. Төрт бала жетім қалды. Балалар өте жас, кішкентай, екі жаста. Үлкені 11 жаста. Күнде мамасын сұрайды.

Серік БЕКТҰРҒАНОВ, МАРҚҰМНЫҢ КҮЙЕУІ:

Ішкі істер органдарының қызметкері бола тұра, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің орнына араққа тойып алып, адамдардың өмірін көрінеу қауіп-қатерге тігіп, сондай үлкен жылдамдықпен келіп соғып, жоқ дегенде 150-160-тан кем емес, мүмкін 180-200-ге апарған шығар? Өйткені машинаның объемы 2,8 деді ғой.

Сот процесі кейінге қалдырылды. Экс-полицей кінәлі екенін дәліденсе, тиісті Заң бойынша бес жылға дейін жаза арқалауы мүмкін.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Жыл басынан бері оралдық полицейлер қызметтік тәртіпті 113 рет бұзған. Полиция департаментінің хабарлауынша, мұның тең жартысы жол ережесін сақтамағандар. Тек 5-уі ғана қызметінен қуылыпты. Демек, заңға бағынбаған өзгелері жеңіл желпі жазамен құтылған болса керек.  

Е. Карин