Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Оралда заң бұзған көлік жүргізушілерін қамайтын абақтыда орын жоқ

AstanaTV
03.03.2020ж. 20:00
2241
Оралда заң бұзған көлік жүргізушілерін қамайтын абақтыда орын жоқ

Оралда ішімдік ішіп көлік тізгіндейтіндерді қамайтын абақтыда орын жоқ. Амалдың жоқтығынан тәртіп бұзушыларды полиция облысқа жақын маңдағы аудандарға апаруға мәжбүр. Бірақ заңның күшейгеніне қарамастан, мас күйінде көлік рөліне отырғандар азаяр емес. Тілшіміз жалғастырады.

Александр соңғы мерекелердің бірінде көлігімен қалада сейіл құруға шығыпты. Үйінен ұзап шыққан ол рөлге ие бола алмай, жанармай құю бекеті жанындағы бағанаға соғылған. 30 тәулікке қамалып опық жеген Александр, келтірген залалын өтеу үшін 500 мың теңгеге шығынданды. Бұл аздай жұмысынан шығып қалыпты.

Александр, ТҰРҒЫН:

Жол апатын жасаған соң, есімді бірден жидым. Қатты қорқып, қашып кеттім. Басыма басқа ой келмеді. Бірақ полиция келесі күні тауып алды. Қазір өз ісіме өкінемін. Енді арақ ішпеспін. Бостандықтың қадірін осы жерде сезіндім.

Бірнеше жыл бойы жүк көлігін жүргізген Әнуар да ащы су ұрттаймын деп тар қапастан бір шықты. Құжатынан 7 жылға айрылғаны аздай, жұмыссыздардың қатарына қосылды.

Әнуар, ТҰРҒЫН:

Көлікке қалай отырғаным есімде жоқ. Не бүлдіргенімді енді біліп жатырмын. Енді бала-шағамды асырауым керек қой. Басқа жұмыс іздеймін.

Ішімдік ішіп тәртіп бұзғандар қамалатын орын қазір осы лық толы. Мұнда 50-ден астам адам жазасын өтеп жатыр. Мас күйінде ұсталған жүргізушілер де азаяр емес. Үсті-үстіне түсіп жатқандарды облыстың жақын аудандарына апаруда. Полицейлер ішімдікке үйірсектердің көбеюін, көлікті тоқтатуға тыйым салынғандығымен түсіндіреді.

Константин НЕДОПЕКИН, БҚО ЖПП БАТАЛЬОНЫ ШТАБЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

Көлікті бұрынғыдай тоқтата алмаймыз. Жүргізушілер осыны біліп алған. Енді бізге бұрынғы құзіретіміз берілуін сұраймыз. Жаяу патрульға да көлік тоқтату құқығы берілсе, арақ ішіп айылын жимайтындардың қатары азаяр еді.

Шаһарда екі ай ішінде 300 жол апаты тіркелген. Оның 18-і мас жүргізушінің кінәсінен болыпты.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:


Биылдан бастап, көлікті мас күйінде жүргізгендерге берілер жаза күшейтілді. Әзірге бұл да жемісін бермей отыр. Сондықтан рейдтік шараларды жиі өткізуге жол берілсе дейді тәртіп сақшылары.

Е. Карин