$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алып-сатарлардың саудасы жүріп тұр

AstanaTV
04.03.2020ж. 20:00
2891
Алып-сатарлардың саудасы жүріп тұр

Соңғы күндері ел аумағында медициналық маскалардың тапшылығы туындады. Оған Қытайдан тараған вирус себеп болып отыр. Жергілікті билік бұл мәселені қалай шешпек?  Абзал Құрманкин зерттеп көрді.

Петропавлдан 100-ден астам дәріхана болса, соның біреуінде ғана медициналық масқа бар. Оның өзін 34 дана ғана. Бұл фармацевтикалық қауымдастықтың ақпараты.

Азияш ҚАБИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
 
Өткен аптада жолдасым тұмауға шалдығып, маска іздедім. Бір де бір дәріханада жоқ болып шықты. Екі данасын ғана таптым.


Лидия ГОРЕНКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
 
Ауруханаға барғанда маска кигім келеді. Кеше бірнеше дәріхананы аралап шықтым, тек біреуінен ғана табылды. Қазір сақтану үшін ешқайда шықпауға тырысамын.

Дәріхана директоры Евгения Лямкинаның айтуынша, биыл қыста маскаға сұраныс төрт есе артқан. Тәжірибелі фармацевт мұндай толқынды күтпегенін айтады. Қазір қаладағы бүкіл дәріханалар зауыттарға қосымша тапсырыс берген. Бірақ отандық өндіріс ошақтары шикізат тапшы болған соң, сұранысты толық қамти алмай жатыр, дейді ол.

Евгения ЛЯМКИНА, ДӘРІХАНАЛАР ЖҮЙЕСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Біз бір адамға тек 10 данадан ғана сатып отырдық. Себебі, кейбірі келіп 200-500-ден сатып алып кететін. Былтыр қаңтар-ақпан айларында біз бетперденің 22 мың данасын сатсақ, биыл осы екі айда 90 мыңын өткізіп үлгердік.


Маска дәріханада жоқ болғанымен, есесіне алып сатарлардың саудасы қызған. Бір кезде 20 теңгеден сатылатын бетперделердің, ғаламтордағы бағасы 100 теңгеден асып түскен.

Менде мыңға жуық маска бар. Ресейде жасалынған. Сексен теңгеден сатып жатырмын. Неге қымбат десеңіз, қазір маскалар тапшы. Мұндай кезде тауар қымбаттай түседі.

Ал денсаулық сақтау басқармасының өкілдері алып-сатарлармен тікелей күресе алмайтындарын жеткізді. Олар халықты сабырға шақырып, бетперделер вирустан 100 пайыз қорғамайтынын ескертті. 

Тимур СҰЛТАНҒАЗИЕВ, СҚО ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Дәріханаларда тапшылық бар. Тауар келген бетте тұрғындар оны талап әкетеді. Олар масканы қай кезде қолданатындарын білмесе керек. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы бетперде вирустан жүз пайыз сақтайды деп айтқан жоқ. Сондықтан бұны тек жанама көмек деп айтуға болады.

Ал дәл осындай мәселе өзге өңірлерде де бар. Олар ешкімге жалтақтамай маска өндірісін қолға ала бастаған. Қарағандылықтар бетперде шығаратын машина сатып алып, күніне мыңдаған данасын жасауды жолға қойды. Өнім алдымен әлеуметтік дәріханаларға жеткізілмек.

Ержан НҰРЛЫБАЕВ,  ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Жақын арада бір реттік маскалардың өндірісі қалыптасады. Біздің облыста қолды зарарсыздандыратын антисептикалық заттар шығаратын кәсіпорын бар. Қоймаларда қажетті заттар жеткілікті. Егер қажеттілік туындаса өндіріс көлемін ұлғайтуға болады.

Шикізат тапшылығын сылтау етіп құр алақан отырған аймақтар да бар.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Алматы мен Шымкент қалаларының кәсіпкерлері масканы қарапайым дәкеден жасай бастапты. Оның вирустан қорғайтынына ешкім кепіл бола алмайды. Дейтұрғанмен "сақтықта қорлық жоқ" қағидасына сенсе керек.

А.Құрманкин