Оралда жарылған кәріз құбырының кесірінен жергілікті кәсіпкер шаш-етектен шығынға батып отыр. Апаттың кесірінен көлік жөндеу кешені жабылып қалған. Құбыр жарылған аумақ түгел қоршалып, ауыр техника жұмыс істеп жатыр. Көлік түгілі, жаяу жүруге тыйым салыныпты. Кәсіпкерлер шығындарын есептеп бітпеген. Егер мәселе бейбіт жолмен шешілмесе, сотқа шағымданбақ. Тілшіміз толықтырады.
Еркін КАРИН, ТІЛШІ:
Қазір мына жердегі кәсіпкерлік нысандарының барлығы да тоқтап тұр. Айналма жолдың бойындағы бұл орталықтар көлік жөндеумен айналысады. Өздеріңіз көріп тұрғандай мына жермен көлік түгілі, адамның өзі әрең өтеді.
Жұмағали Нұғманов көлік жөндеу кешенін осыдан алты жыл бұрын салыпты. Ғимаратта техникалық байқау орталығы мен көлік жөндеу орны және дүкен жұмыс істейтін. Қазір жарылған коллектордың кесірінен кешеннің жұмысы тоқтап тұр. Келген шығынның есебін шығарған кәсіпкер енді кімнен көмек сұрарын білмейді.
Жұмағали НҰҒМАНОВ, КӘСІПКЕР:
Өзім зейнеткерлік жастамын. Бюджеттен ақша алып, қызмет жасайтын балаларым жоқ. Сондықтан барлық әулетті асырап отырған кәсіпорным жұмыс орным. Енді бізге өте қиындық туды. Бір жұманың ішінде 100 мыңға таяп қалды шығын.
Жарылған кәріз коллекторын жөндеу «Батыс су арнасына» жүктеліпті. Мекеме өкілдері даулы коллектордың маңын қорғаш тастаған.
Қайырғали ИМАШЕВ, «БАТЫС СУ АРНАСЫ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:
Ремонт жүрген уақытта біздің қақымыз бар ол жерді қазуға, ол жердің бәрін спокойно жауып тастауға. Трубаны ремонтный учаскені бітірейік, сосын трубаны ауыстырамыз. Сосын аламыз. Сотқа берсін, пожалуйста, сот арқылы компенсацияны төлейді. Доказать етсін, оның қақысы бар ғой.
Кәсіпкер осыдан екі жыл бұрын дәл осындай жағдайға тап болғанын айтты. Бірақ бір аптадан кейін мәселе шешімін тапқан. Енді су арнасымен бітімге келмесе, сотқа бермек. Қазір жарылған құбыр жаңасымен алмастырыуда. Құбырға жауапты мамандар 1,2 миллиард теңге жұмсалатын бұл жұмыстардың жарты жылға созылуы мүмкін екенін ескертті.
Е.Карин