$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қызылжарда жылу құбыры жарылып, бүтін бір аудан жылусыз қалды

AstanaTV
05.10.2017ж. 20:00
2367
Қызылжарда жылу құбыры жарылып, бүтін бір аудан жылусыз қалды

Қызылжарда құбыр жарылып, бүтін бір аудан жылусыз қалды. Бейбітшілік пен Крепостной көшелерінің қиылысындағы негізгі магистраль сыр беріп, салдарынан асфальт опырылған. Ол жерде пайда болған үлкен шұңқырға екі көлік құлап кетті. Алғашқысы әупіріммен әзер шықса, екіншісін кранмен алып шығуға тура келді. Апат салдарынан 16 көпқабатты үй, 12 мектеп пен балабақша жылудан ажыратылды. Сол маңайда орналасқан 4 жер үйді су басқан. Қазір арнайы топ жерді қазып, құбырды түгел ауыстырып жатыр. Жауапты мекеме өкілдері бұған құбырлардың әбден ескіруі себеп болған дейді.

Игорь Рыбас, «Петропавл жылу жүйелері» ЖШС бас директоры:

Құбыр сексенінші жылдары орнатылған. Оның қолданылу мерзімі 25 жыл. Демек, әбден тозған. Былтыр 7 рет жарылды. Биыл тексеріс жұмыстарының барысында 2 мәрте сыр берді. Қазір оны жөндеп жатырмыз. Ауданға бүгін жылу беріледі.

Қазір қаладағы 1061 тұрғын үйдің 732-не жылу берілген. 36 мектеп түгел дерлік жылумен қамтылған. Ал балабақшалардың соңғылары жылуға бүгін қосылмақ. Атқамінерлердің пайымдауынша, аптаның аяғына дейін жылу шаһардағы барлық тұрғын үйлерге тарамақ. 

Марат Тасмағанбетов, Петропавл қаласының әкімі:

Дайындық паспорттарының бар-жоғына қарамастан, барлық үйлерді жылуға қосамыз. Қалған 300-ден астам баспана қазанның сегізіне дейін жылумен қамтылады. Жылу жүйелеріндегі температураның деңгейі бүкіл талаптарға сәйкес болады. Алтынсарин көшесіндегі бірінші және екінші жылу магистралі іске қосылғасын, температуралық режим қалпына келеді.

Абзал ҚҰРМАНКИН