Негізгі / Жаңалықтар / Алматы облысында жолға резина үгіндісі қосылған асфальт төселді

Алматы облысында жолға резина үгіндісі қосылған асфальт төселді

Қазақстандық ғалымдар жол құрылысында теңдессіз жаңа технология ойлап тапты. Бұл автожолдарға төселетін асфальттың төзімділігін арттыратын жоба. Резина үгіндісі қосылған асфальт жабындыларын "Қазақстан жолдары ғылыми зерттеу институты" жасап шығарған. Дәстүрлі тас қиыршықтары, құм және битумға енді ұсақталған резиналық қоспалар араластыралады. Автомобилдің жарамсыз шиналарынан алынған үгінді жолдың шыдамдылығын 40 пайызға арттырады, дейді ғалымдар. Ол, тиісінше, аязға, аптап ыстық пен жауынға да төзімді болмақ. Жоба авторларының есебінше, резиналы асфальт әдеттегі жолдан екі есе артық қызмет етеді деген болжам бар.

Бағдат Телтаев, «Қазақстан жолдары ҒЗИ» АҚ президенті:

Ыстық температурада жүктемесі үлкен ауыр автомобильдер көбірек жүретін болса, ойпаң болып қалады, із қалады. Жол істен шығады. Ал мынау резеңке қалдықтарын қосқанда ол жолда серпінділік қасиет болады да, мынау деформация болған жол қайта қалпына келеді. Сондықтан ол жерде көлік ізі қалмайды. Беріктігі де жоғары болып тұр. Сосын қысқы температураға да жақсы әсері бар.

Жаңалықтың өміршеңдігін тәжірибе көрсетеді. Бұған дейін институт Көкшетау-Кішкенекөл арасындағы жолға осындай жабынды төсеген. Бүгін жоба жетекшілері Алматы облысы Райымбек ауданында 500 метр жерге арнайы қоспасы бар асфальтты салып кетті. Белгілі бір мерзім өткен соң оның сапасы тексеріледі. Ол үшін «Кеген» асуының ең қауіпті учаскесі таңдап алынған. Себебі бұл аймақ қар қалың түсетін, нағыз желдің өтінде орналасқан. Инновациялық жаңалыққа болашақта елде утилизацияға жіберілетін автокөлік шиналары пайдаланылады. Қазақстанда жыл сайын 80 мың тонна көліктің дөңгелегі қоқысқа айналады. Елімізде көлікті утилизациялау бағдарламасы бойынша «РОП Операторы» кәсіпорны оларды қайта өңдеуге талпынып отыр.