Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Режеп Тайып Ердоған мен Владимир Путин 5 сағат 40 минут келіссөз жүргізді

AstanaTV
06.03.2020ж. 20:00
2205
Режеп Тайып Ердоған мен Владимир Путин 5 сағат 40 минут келіссөз жүргізді

Тағына жабысып алған Башар Асад ақыры екі алыпты айқастырды. Сириядағы соғыста Түрік пен Ресей күштері бетпе-бет кездесіп бүкіл әлемді ауызына қаратты. Кейбір сарапшылар тіпті, «Бұл үшінші дүниежүзілік соғыстың басы» деген пікір айтты. Абырой болғанда қарулы қақтығыстар соғысқа айналмады. Режеп Тайып Ердоған Мәскеуде Владимир Путинмен кездесіп алты сағатқа жуық келіссөз жүргізді.

Түрік армиясы Сирия күштерін тас талқанын шығарып, Башар Асадты есеңгіретіп тастады. Түрік дрондары қысқа мерзімде ауыр соққылар жасап Идлиб шаһарына жақындады. Тирандарды қолдап үйренген Ресей, Башар Асад режимі үшін кәдімгідей алаңдай бастады. Сирия күштерімен бірге, ресейлік талай «ихтамнеттер» зардап шеккені туралы ақпарат тарады. Түрік басшысы, Сирияны жекпе-жекке шақырып, «Ресей күштері ары тұрсын», дегенді айтты. Кеше кешкісін Режеп Тайып Ердоған Мәскеуге ұшып барып Владимир Путинмен кездесті.

Владимир ПУТИН, РФ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сириядағы жағдайға қатысты Түрік серіктестерімізбен біз үнемі келісе бермейміз. Алайда, мәселе ушығып бара жатқанда екі ел арасындағы жоғары қарым-қатынастарға сүйене отырып ортақ мәмілеге келеміз...

Келіссөздер 5 сағат 40 минут жүрді. Оның 3 сағатында Ердоған мен Путин жеке дара сөйлескен. Нәтижесінде тараптар, «Астанада жасалған форматта жұмыс жүретінін» мәлімдеді.

Режеп Тайып ЕРДОҒАН, ТҮРІК РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПЕРЗИДЕНТІ:

Өткен жылдың мамыр айынан бері Сирия бейбіт келісімді бұзып Түрік әскерилерін бірнеше рет шабуылдады. Біз оған бейтарап қарай алмаймыз. Біріккен Ұлттар ұйымы таратқан дерек бойынша 1,5 млнға жуық босқын Түркия шекарасында тұр. Мұндай мәселелерде біз үнсіз отыра алмаймыз.

Қалай болғанымен тараптар ортақ мәмлеге келген болды. Наурыздың 6-сы түнгі 00-ден бастап Идлиб шаһарында қарулы қақтығыстар тоқтады. Қауіпсіздік дәлізі құрылды. Ол, Латакия-Алеппо күре жолы бойымен 12 шақырым жерге созылды. Башар Асад режимін күресіп жүргендерді, Владимир Путин осы жолы «лаңкес» деп атамады. Ал, Ердоған өз сөзінде, «Сирия күштеріне жауап беруге құқылымыз» дегенді айтты.

Д. Мұхаммедкәрім