$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Сыныптасын зорлаған оралдық оқушылар тергеуге алынды

AstanaTV
12.03.2020ж. 20:00
4925
Сыныптасын зорлаған оралдық оқушылар тергеуге алынды

Оралда 9-шы сынып оқитын қызды зорлағандардың арасында, кәмелет жасына толғандардың да бар екендігі белгілі болды. Қазір осы іске қатысы бар күдіктілер тергелуде. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті хабарлады. Айта кетелік, 8 наурыз күні мерекені тойламақ болған оралдық оқушы қызды бірнеше жасөспірім зорлаған еді. Тілшіміз жалғастырады.

Жәбірленген қыз кәмелет жасына толмағандықтан, бұл оқиға туралы көп дерек әзір құпия. Полицияның хабарлауынша, ары тапталған қыздың анасы 9-наурыз күні құзырлы орындарға арыз түсірген. Осыдан кейін тергеу амалдары басталыпты.

Шералы АБДРАХМАНОВ, БҚО ПД ТБ БАСТЫҒЫ:

Осы арыз негізінде көрсетілген факт бойынша оқиғаның ҚР ҚК 120-бабының 3-бөлігі 1-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Іс бойынша барлық қажетті алғашқы тергеу амалдары орындалды. Тағайындалатын қажетті сараптамалар тағайындалды.

Полиция дерегінше, 8 наурыз мерекесін атап өтпек болған оқушылар тәулікке жалға берілетін пәтерде бас қосқан. Оқыс оқиға да сол жерде болған. Сақшылар үйін кәмелетке толмағандарға жалға берген тұрғынды да тексеруге алыпты. Ал қалалық білім бөлімі ата-аналарды жинап жиналыс өткізбек.

Жазира РЫСҚАЗИЕВА, ОРАЛ қ. БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Ата-аналар жиналысында мектеп педагогтары, мектеп психологтары және мектеп инспекторлары балалардың сабақтан тыс уақыттағы қауіпсіздігі бойынша әңгіме қозғайтын болады. Сонымен қатар қолданыстағы заңнама актілеріне сәйкес әкімшілік жауапкершілік туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Оқушыны зорлағандар арасында кәмелет жасына толғандар да бар екендігі айтылды. Егер дәлелдер жеткілікті болса, бұл аса ауыр қылмыс саналмақ. Онда күдіктілердің 12-17 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Дейтұрғанмен қыздың зорлануына қатысты нақты деректер арнайы сараптама қорытындыларынан кейін белгілі болмақ.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Былтыр кәмелет жасына толмағандарға қатысты облыс бойынша 54 қылмыс жасалған. Оның 20-сы жыныстық зорлық көрсетуге байланысты. Бүгінде бұл істің көбісі тергеліп, сотқа жолданған.


Е. Карин