$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қараөткел ауылдық округының тұрғындары әлі де қар құрсауында жатыр

AstanaTV
13.03.2020ж. 20:00
4196
Қараөткел ауылдық округының тұрғындары әлі де қар құрсауында жатыр

Қараөткел ауылдық округының тұрғындары әлі қар құрсауынан шыға алмай жатыр. Бүгін редакциямызға бір топ ауыл жұрты осындай шағыммен хабарласты. Айтуларынша, қардан тазартатын техника бұл аймаққа келмегелі 1 айдан асқан. Базыналы жұрт мәселені айтып талай рет әкімшіліктің табалдырығын тоздырған. Алайда, ауыл басшылығы көктем келсе де- тырп етпей отыр, дейді. Жылда қар суынан зәбір көрген тұрғындар, биыл да сол жағдай қайталана ма деп қорқады. Тыңдайық.

Жадыра САДУАҚАСОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Біздің көшеміздің қары тазаланбайды. Көктем келісімен, МЧС тұрады. Көшеміз кәдімгідей суға батады. Қайықпен жүзетіндей. қардан біз әбден зардап шегіп жатырмыз. Балалар мектепке бара алмайды. Енді көктем келді.

Оксана ПЕТЕРС, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:
 
Мән-жайды анықтау үшін Целиноград ауданының атқамінерлеріне шықтық. Дәл қазір тікелей байланыста Қараөткел ауылдық округінің әкімі - Саят Каханов бізбен тілдесуге дайын екен. Саят мырза, қайырлы кеш! Көрерменіміздің шағымын естідіңіз! Көктем келді ғой. Ауыл көшелері неге әлі қардан тазартылмаған?

Саят КАХАНОВ, ҚАРАӨТКЕЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Ең басында мен айтып кетейін, ауылдың ішікі жолдарының жалпы ұзындығы 97 шақырымнан астам. 22 шағын аудан бар. Сондықтан объемі өте үлкен. Осы жылдың 27-қаңтарынан бастап, бізде қар шығару жұмыстары жасалып жатыр. Қазіргі таңда, Қараөткел ауылынан 90 мыңнан астам текше метр қар шығарылды. Бірінші кезекте, өздеріңіз білесіздер, ауылға кіріп шығатын жолдарды ашамыз, қар шығарамыз. Сосын автобустардың маршруттары бар. Орталық жолдар бар. Әлеуметтік объектілер. Мектептер, бала-бақша, мед мекемелер.

Оксана ПЕТЕРС, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

Саят мырза, бұл жолдар кеше пайда болған жоқ қой. Оны тазартуды неге алдын-ала жоспарламайсыздар?

Саят КАХАНОВ, ҚАРАӨТКЕЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Ол жоспарға енген. Ол жолдар 27 қаңтардан бастап, қаржылық жұмыстар ұйымдасытрылып, жүргізіліп жатыр. Күнде бізде ең аз дегенде, 20-21 техника шығады.

Оксана ПЕТЕРС, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

Тазаланбаған қанша көше қалды? Оны нақты қашан тазартасыздар?

Саят КАХАНОВ, ҚАРАӨТКЕЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Толық тазартатын уақытымызды мен қазір нақты айта алмаймын. 19 көше мен 7 объектінің қары шығарылған. Ол кесте бойынша көше-көшелер техника жылжып, қарларын шығарып жатыр. 

Оксана ПЕТЕРС, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

Тұрғындар ауылды жылда су басады деп отыр. Биылғы жағдай қандай болмақ?

Саят КАХАНОВ, ҚАРАӨТКЕЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Бұл сұрақ дұрыс. қазірде жоспарлап отырмыз. Су тасқыны болса, оған да біз дайындалып отырмыз. Арнайы техника, насос дайындап жатырмыз.

Оксана ПЕТЕРС, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

Түсінікті. Бұл жағдайды біз бақылауға аламыз. Қажет болса, аймақтарыңызға түсіру тобымызды жіберіп, өзіміз тікелей көз жеткізіп қайтамыз. Бізбен тікелей байланыста болған Қараөткел ауылдық округінің әкімі Саят Каханов. Құрметті көрермендер, егер сізді де алаңдатқан мәселе болса, экрандағы көрсетілген номерге хабарласыңыздар!

А. Мүтәлі