Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

ДДСҰ: Балалар да коронавирусқа шалдығады

AstanaTV
19.03.2020ж. 20:00
2383
ДДСҰ: Балалар да коронавирусқа шалдығады

Әлемде коронавирусты жұқтырғандар саны 220 000 адамнан асты. Ал, көз жұмғандар 9000-нан асқан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі осындай. Италия қауіпті аймақтар арасында тағы да көш басында тұр. Бір тәулік ішінде бұл елде 475 адам қаза тапқан. Әлемдік қауымдастық: қауіпті індетке балалар да шалдығатынын мәлімдеді. Толығырақ тілші бейнематериалында.

Коронавирустың өршуі әлем елдерін кәдімгідей әлекке салды. Ірі мегаполистердің өзінде тіршілік тоқтап қалғандай. Зауыттар мен фабрикалар жұмыс істемейді. General Motors, Ford және Fiat Chrysler алып компаниялары да өндірісті уақытша тоқтатқан. Америкалық Tesla кәсіпорыны қызметкерлерінің 75% - ын жұмыстан босатқан. Көшеде адам қарасы үзілмейтін Нью-Йорк қаласындағы көрініс те мәз емес. Таймс-сквер, Орталық саябақ, Бродвейде ешқандай турист байқалмайды. Барлық ойын-сауық орталықтары мен мейрамханалар жабық. Арагідік таксистерді ғана байқауға болады.

Мугиб РАХМАН, КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ:


Менің мұнда тұрғаныма үш сағатқа жуықтады. Бірде-бір жолаушы жоқ. Бірақ ештеңе етпес, күтемін. Бұрындары осы үш сағатта 60, 70 бакс ақша табатын едім. Ал қазір - көк тиын да тапқан жоқпын.


Париж, Мадрид, Белгард және басқа да қалаларда дәл осындай көрініс. Тек күн-түн демей тынымсыз жұмыс істейтін медицина қызметкерлері мен санитарлар ғана көшені дезинфекциялап жүр. Үйде отырған қарапайым халық оларға өз ризашылығын білдірудің ерекше амалын да тапқандай.

Надеге ЛЭНВИН:

Біз денсаулық сақтау қызметкерлеріне алғыс айтқымыз келеді. Менің ойымша, барлық жерде басқаларға қамқорлық жасайтын адамдар табылады. Олардың көмегі бізге өте қажет.

Бүкіл әлем шекарасын жауып, Төтенше жағдай жариялап жатқанда, Грузия өз ел азаматтарына материалдық көмек көрсетуге көшіпті. Дәлірек айтқанда, қайырымдылық қорлары тұрмысы төмен отбасыларды тегін түскі аспен қамтып отыр.

Нана МУСХЕЛИШВИЛИ, "КАТАРСИС" ҚОРЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің орталыққа күніне 350-ге жуық адам келеді. Бұрын балабақша қызметін атқаратын едік. Бірақ ол төтенше жағдайға байланысты жабық тұр. Қазір қызмет көрсетудің жаңа түріне көштік. Мұқтаж жандарға тегін тамақ ұсынамыз.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, осы күнге дейін 9 мыңнан астам науқас аталған дерттен көз жұмды. Қаза болғандардың көпшілігі Италия азаматтары. Мұнда бір тәулікте 500-ге жуық адам қайтыс болды. Германияда да жағдай мәз емес. Қауіпті індет жұқтырғандар саны, күніне 36% - ға дейін артқан. 12 мыңнан астам адамнан ауру белгілері анықталған. Пандемияның Еуропада кең етек жаюына алаңдаған Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы вируспен күресу үшін бірігуге шақырды.

Ханс Анри КЛЮГЕ, ДДҰ ЕУРОПАЛЫҚ ӨҢІРЛІК БЮРОСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:


Қытай, Оңтүстік Корея, Сингапур елдерінде жағдай қазір тұрақталды. Олар вирустың өршуін алдын алып отыр. Сондықтан бізге де  қоғамдастық құрып, күресу үшін бірыңғай көзқарас қажет. Бірінші кезекте - індетті тежеу үшін. Екіншісі - аурухананы дайындау.


Сондай-ақ, ДДСҰ балалар да ересектер сияқты қауіпті індетке шалдығатынын мәлімдеді.  Жоғары температура, құрғақ жөтел, шаршау, бұлшық еттердің қақсауы балаларда да байқалады. Қытайда да бала өлімі тіркелген. Соңғы дерек бойынша, Оңтүстік Кореяда қайтыс болғандардың 20% - ы 60 жастан кіші болған.

А. Мүтәлі