Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Елде 100 мыңнан астам осал топтағы отбасыға гуманитарлық көмек көрсетіледі

AstanaTV
27.03.2020ж. 20:00
2565
Елде 100 мыңнан астам осал топтағы отбасыға гуманитарлық көмек көрсетіледі

Елде 100 мыңнан астам осал топтағы отбасыға, гуманитарлық көмек көрсетіледі. Қазірдің өзінде «Біз біргеміз!» акциясы аясында 12 мыңға жуық жанұяға қажетті азық-түлік пен гигиеналық заттар жеткізілген. Бұл туралы  «Jas otan» жастар қанатының төрағасы Елнұр Бисенбаев айтты. Ол қайырымдылық жасау үшін республика бойынша 2 мыңға жуық ерікті жұмылдырылды деп отыр. Игі шараның жай-жапсарымен әріптесім танысып қайтты.

Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:


Дәл қазір біз Нұр-Сұлтандағы «Магнум» сауда орталығының азық-түлік қоймасындамыз. Мұндай қоймалар елдің барлық өңірінде бар. Күн сайын волонтерлер сақадай сайланып, осал топтағы отбасыларға керек-жарағын жеткізіп береді.

Қызу жұмыстың басталғанына бір апта болды. Күн сайын жер-жерде жарты мыңнан астам отбасыға арнайы жабдықтар салынған себеттер таратылады. Бүгін де еріктілер қауіпті аймақтардағы жұмысына кірісіп кетті. Солардың бірі елордалық Сергей Матюшенко. Жоғары оқу орнында білім алатын ол қайырымдылық жасау арқылы халқыма көмегімді тигізсем дейді.

Сергей МАТЮШЕНКО, ЕРІКТІ:
 
Үйде жата беруіме болар еді. Бірақ, одан не пайда. Одан да қолымнан келгенше тұрғындарға көмектескенді жөн санадым. Қазір әрбір адам елімізде болып жатқан жағдайларға бейжай қарамауы керек.

Партия белсенділері бүгінге дейін шаһардағы 2 мың отбасына көмек беріп үлгеріпті. "Жас Отан" жастар қанатының төрағасы жұмысты одан әрі күшейтеміз деп отыр. Себеттердегі азық-түлік пен гигиеналық заттар, екі жұма пайданалуға жететінін айтты.

Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫ, «JAS OTAN» ЖҚ ТӨРАҒАСЫ:

Бәріміз жұмылып, карантинге мойынсұнып ешқайда шықпай азаматтармен мейілінше қатынасты азайту керек. Әр аймақта әлеуметтік осал топтағы отбасыларды жергілікті әкімдікпен бекіттік. Ол тізім көбеюі де мүмкін.

Қажетті заттармен бірге тұрғындарға жұқпалы індеттен сақтану үшін қауіпсіздік  ережелері жазылған арнайы түсіндірме қағаздары таратылып жатыр. Көп балалы аналар бұл науқан аз да болса, көмек екенін жасырмайды.

Айжан ҚАЛИЕВА, КӨП БАЛАЛЫ АНА:

 
Қиын кезде осындай көмек беретін жандардың бар екені қуантады. Мен 6 бала тәрбиелеп отырмын. Үйден шықпаймыз. Жағдай қиындап кетті ғой. «Нұр Отаннан» бізге көмек беріліп жатыр, рахмет!

Мұндай шара елдегі барлық өңірді қамтымақ. Айта кетейік, бұл игі бастама елде төтенше жағдай аяқталғанша жалғаса береді. Елбасының тапсырмасымен аталған шараға партия 150 млн теңге қаржы бөлген болатын.

Ғ. Өтемісов