Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қазақстанда дағдарысқа қарсы күрес шараларына 5,9 млрд теңге бөлінді

AstanaTV
02.04.2020ж. 20:00
2198
Қазақстанда дағдарысқа қарсы күрес шараларына 5,9 млрд теңге бөлінді

Дағдарыспен күреске жалпы 5,9 триллион теңге бөлінеді. Соның 2 трлн Ұлттық қордан алынбақшы. Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов бүгін осылай дейді.

Үкімет бүгін республикалық бюджетті тағы да нақтылады. Оған әлемді әлекке салған коронавирусқа қарсы шаралар ғана емес, сыртқы экономикалық жағдайдың тұрақсыздығы да себеп болып отыр. Жыл басынан бері мұнай бағасы 66%-ға, ал металл 16%-ға төмендеген. Қара алтынның құны барреліне 22 долларға дейін арзандаған.

Руслан ДӘЛЕНОВ, ҚР ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Бағаның төмендеуі аясында мұнай өндіру бойынша болжам 86 млн. тоннаға дейін азайтылды. Бұл тау-кен өнеркәсібі өндірісінің төмендеуіне әкеледі. Өңдеу өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында, құрылыста және көрсетілетін қызметтер секторында, оның ішінде саудада төмен көрсеткіштер күтілуде.

Руслан Дәленовтің болжауынша, биыл елдегі жалпы ішкі өнім 0,9 пайызға төмендейді. Экспорт көлемі 16,3 миллиард долларға, ал импорт 7,5 миллиард долларға қысқарады. Осылайша биыл бюджет түсімі жоспардағыдан аз болмақ. Оған елдегі төтенше жағдай әсерінен отандық бизнестің дені салықтан босатылуы да себеп. Үкімет бюджет тапшылығын жою үшін енді Ұлттық қордан қосымша 2 триллион теңге алатын болды.

Берік ШОЛПАНҚҰЛОВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Дағдарысқа қарсы шаралардың пакеті, салық пен жергілікті қолдауды қоспағанда, қосымша 5,9 триллион теңгені құрап отыр. Оның 2,5 триллион теңгесі бюджеттік емес қаржыдан, 3,5 триллион теңгесі республикалық бюджет есебінен жүргізіледі.

Сонымен бірге, Үкімет биыл 250 мың адамға жұмыс тауып бермек. Ол үшін 1 трлн теңге қарастырылған. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы арқылы кәсіпкерлерге субсидия беруді де қолға алған. Осылайша Үкімет бюджетке 250 млрд теңге-дей салық түсіргісі келеді.
 
Біржан НҰРЫМБЕТОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:

Оның ішінде 300-ден астамы өндіруші, келешегі бар, жаңа жұмыс орындарын құратын және алдағы уақытта өңірлердегі халықтың игілігіне қалатын әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалар. Осы жобалар аясында 242 мың жұмыс орны құрылады. Жұмысшылардың жалақысы 85 мың теңгеден төмен емес.

Үкімет зейнетақы мен басқа да әлеуметтік төлемдер үшін де қомақты қаржы бөлді. Сонымен бірге, коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне қосымша үстемақы төлеуге 40 млрд теңгеден астам қаржы қаралды.
 
А. Мүтәлі