Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

"Ұлт денсаулығы мен мемлекет қауіпсіздігі - бір-бірімен етене, егіз ұғымдар", Н.Назарбаев

AstanaTV
08.04.2020ж. 20:00
3308
"Ұлт денсаулығы мен мемлекет қауіпсіздігі - бір-бірімен етене, егіз ұғымдар", Н.Назарбаев

Кеңес Одағы ыдыраған кездегі жағдаймен салыстыруға болмайды. Халыққа үндеу жолдаған Елбасы қазіргі Қазақстанның еңсесі әлдеқайда тіктегенін жеткізді. Осындай қиындықты еңсеру үшін Ұлттық қор мен алтын-валюта қорында 90 миллиард АҚШ доллары бар екенін айтты. Сондықтан халықты қайыспауға, береке-бірлік арқылы қиындықты жеңуге шақырды. Тұңғыш Президент бұл жолғы мақаласында, кешегі тарихқа үңіліп, болашаққа бағдар жасады.

Нұрсұлтан Назарбаев өз үндеуін пандемияның жаһан елдеріне зор ауыртпашылық салып тұрғанымен бастапты. Оның пайымынша кез келген қиындық адамды тығырықтан шығуға, өзгеше ойлауға жетілдіреді. Қазір әлемде бұрын-соңды болмаған геосаяси және экономикалық өзгерістер болып жатқанын тілге тиек етті. Әлемнің ең алпауыт мемлекеттері осы қиындықтан сабақ алуы керек, - деді.   

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Кеше ғана бір-бірін аяқтан шалып, жағадан алып, «санкциялық соғыстарға» жол ашқан мемлекеттер енді өзара көмек қолын созысуда. Бұл - жаһандық деңгейдегі үлкен өзгерістердің бастауы. Әлем тарихында ондаған жылдарға, тіпті жүз жылдан да астам уақытқа созылған талай соғыстар, шиеленісті жағдайлар мен кикілжіңдер орын алған. Миллиондаған адамдарды баудай түсірген індеттер де аз болмаған. Адамзат соның бәрін жеңген. Жан алқымнан алып тұрған бұл шырғалаңнан да шығамыз.

«Тәртіпсіз - ел болмайды, тәртіпке бас иген ел құл болмайды». Тұңғыш Президент қазір осы қағиданы бекем ұстану қажеттігін баса айтты. Ол көрші Қытайдың коронавирус індетін - ұйымшылдығы мен темірдей берік тәртібінің арқасында ғана ауыздықтағанын еске салды. Сонымен қатар, Қазақстан ауыр дертпен күресу үшін ешкімге алақан жаймайды, деді. Себебі Ұлттық қор мен алтын-валюта қорында ұрпақ қамы үшін жинақталған 90 миллиард АҚШ доллары бар екенін жеткізді. Оны тек үнемді пайдалсақ қана, бұл сыннан еңсемізді тік ұстап шығатынымызды ескерті.  

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Әрине, қалыптасып отырған жағдай оңай емес. Бұл - бүкіл әлем мемлекеттеріне түскен зор ауыртпашылық. Біз оны осындай сын сағатта септігін тигізетін халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз. Ол үшін бізге қажетті нәрсе - қаржы-қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түлік - бәрі бар. Алаңдайтын, абыржитын еш негіз жоқ.

Тұңғыш Президент қысылтаяң кезеңнің жағымды жақтарына тоқталды. Халық қазір қағазбастылықтан арылып, қашықтан жұмыс істеу тәртібіне көшкен. Ол мұны бұған дейін кеңінен ойластырылған шаралардың шапағаты деді. Сонымен қатар, жұрт көңілі алаң кезде ел ішінде үрей тудырып, байбалам салушыларға ермеуге шақырды. Мақала соңында "Біз - бірлігі берік жұртпыз. Мен әрқашан халқыммен бірге болғанмын, бұл жолы да сіздермен біргемін, деп аяқтапты.

А. Мүтәлі