Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Алматы маңында ұшақ апатынан қаза тапқандардың мәйіті туыстарына берілді

AstanaTV
04.10.2017ж. 20:00
2713
Алматы маңында ұшақ апатынан қаза тапқандардың мәйіті туыстарына берілді

Алматы маңында апатқа ұшыраған АН-28 ұшағының қара жәшігі толықтай бүлінген. Әуе апатының себебін анықтау үшін жазу құрылғысы Мәскеудегі мемлекетаралық авиациялық комитетке жолданады. Бұл туралы East Wing компаниясының президенті Виталий Масалитин мәлімдеді. Ал ұшақ экипажы апатқа ұшырар алдында диспетчермен байланысқа шықпаған. Оның да себебі түсініксіз. Әуе кемесінің "санитарлық авиация" үшін қызмет етуге 2018 жылдың шілде айына дейін жарамдылық сертификаты болған. Жантүршігерлік апат жайында  Ришат Асқарбекұлы  әңгімелейді.

Ұшақтың радардан жоғалып кеткенін диспетчерлік қызмет бірден байқаған. Әуеге көтерілген соң 12 минуттан кейін-ақ бағытынан адасқан АН-28-дің апатқа ұшарағаны 25 минуттан соң белгілі болады. Қас қағым сәтте күлге айналған әуе техникасының қалдықтары жеке шаруа қожалығына қарасты аумақтардың бірінен табылды.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Апат кешкі сағат 7-лер шамасында орын алған. Ұшақ Іле ауданына қарасты Междуреченское ауылынан солтүстік бағытта 1,5 шақырым жерде құлаған. Қазір өрт толық сөндірілгенімен, марқұмдардың мүрделері әлі де осында. Аумақты полиция қоршауға алған, құзырлы орган қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ұшақ құлаған аумақтан жоғары кернеулі электр сымдарының үзілгенін байқауға болады. Ауыл маңындағы тұрғын үйлерге зақым келмеген, адамдар дін аман. Ал марқұм болғандардың денелері бүгін таңға жуық мәйітханаға жеткізілді. Екі дәрігердің мәйіті туыстарына беріліп, қоштасу рәсімі өтті. Қырғызстандық экипаж мүшелерінің мүрделерін көрші елге жеткізу үшін келіссөздер жүріп жатыр. Апаттың себебін анықтау үшін құрылған комиссия Мәскеудегі мемлекетаралық авиациялық комитеттің көмегіне жүгінбек. Себебі апат орнынан табылған қара жәшік қатты бүлінген. 

Роман Скляр, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі:

Апат орнынан ұшақтың барлық бөлшектері жинап алынды. Енді оны толық зерттеп, қорытынды шығару үшін халықаралық мекемелерге жүгінбекпіз. Ал ұшақ бөлшектері тексеру нәижесі шыққанша сақталатын болады.

Ұлттық акушерлік ғылыми орталығының кіре берісіне білікті дәрігер, 46 жастағы Талғат Патсаевтың портреті қойылған. Ол қызмет еткен бөлімше қызметкерлері үшін бүгін қайғылы күн. Марқұмның кабинетіндегі жұмыс столында соңғы жазбалары мен ата-анасымен түскен фотосуреті тұр. Әріптестері қызметтік бабымен шығып еткен азаматтың келмес сапарға аттанғанына сене алмайды.

Динара Мырзахметова,  ҚР ДСМ акушерлік, гинекология және перинатология ұлттық орталығының бас директоры:

Біздің әріптестеріміз ерлік жағдайында қаза тапты десе де болады. Олар өз кәсібіне адал әрі қалтқысыз қызмет етіп жүрген болатын. Көп сөйлемейтін, істің адамы еді. Операция үстелінде адамның жанын сақтап қалуға талпынатын. Біз ең білікті деген дәрігерлерді жоғалтып алдық.  

Бұл оқиға бойынша бас көлік прокуратурасы әуе көлігін пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан адам өліміне соқтыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Айта кетейік, "East Wing" әуе компаниясы санитарлық авиация саласында қызмет көрсетеді. Биыл сәуірде Санавиация кәсіпорнының қызметкері Мадияр Шалғынбаев ірі көлемде пара алды деген күдікпен ұсталған. Ол авиациялық қызмет көрсететін жеке әуе компанияларымен келісімшартқа отыруда арағайындық жасады деп айыпталды. Осы қылмыстық іске «East Wing» компаниясының да қатысы бар деген ақпар тараған.

Бұл соңғы екі жарым ай ішінде Алматы облысында орын алған төртінші ұшақ апаты. Ол апаттарда барлығы 10 адам мерт болған:

28 шілдеде Жаркент өңірінде «Казавиа» компаниясына қарасты ЯК-12 ұшағы құлап, 2 адам қаза тапты; 10 тамызда Алматыдан 43 шақырым жерде Азаматтық авиация академиясына қарасты «Тecnam-P 2002» оқу-жаттығу ұшағы құлап, 2 адам мерт болды;  25 тамызда Балқаш ауданында жеңілмоторлы  ұшақ құлап, 1 адам қаза тапты. 3 қазанда Іле ауданында East Wing компаниясына қарасты АН-28 ұшағы апатқа ұшырап, 5 адам көз жұмды. 

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Апатқа ұшыраған АН-28 ұшағы 27 жыл бұрын Польшада құрастырылған. Жоғарыдағы компанияның авиапаркінде 24 ұшақ пен 11 тікұшақ тіркелген. Былтыр қаңтар айында да Үшаралдан Талдықорғанға ұшып шыққан санитарлық авиация борты апатқа ұшырған еді. Ол кезде екі дәрігер мен экипаж мүшелері және бір әйел науқас баласымен бірге көз жұмған болатын.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ