Павлодар облысында дала өртеніп, бүтін бір ауылдың тұрғындары эвакуацияланды. Жалынның қатты болғандығы соншалық, ауыл қою қара түтіннің құшағанда қалған. Осыдан қауіптенген жергілікті билік халықты қауіпсіз жерге көшіріпті.
Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:
Шарбақты ауданында 3 бірдей ауылда құрғақ шөп жанған. Соның салдарынан қызыл жалын лезде лап беріп, ауылға қауіп төндірді.
Сондықтан өрт ошағына ең жақын орналасқан Қосқұдық ауылының тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Жалын шарпыған аумақ 1 мың гектарды құрайды.
Ернұр ӨТЕГЕНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫ:
Сондықтан алдын ала сол ауылдан 14 адам, оның ішінде 4 әйел адам Шарбақты ауданына жіберілген болатын. Қалған 30 тұрғынның 16-сы сол ауылда қалды. Оның көбі жанағы сол өрт сөндіруге өзінің ықпалын тигізді.
Сондай-ақ, бұл күні бұдан өзге 6 учаскеде өрт болған. Салдарынан өрт сөндірушінінің бірін күйік шалды. Дәрігерлер оның жағдайы қазір қалыпты екенін айтады.
Соңғы бір аптада өңірде өрт ошағының 140 фактісі тіркелді. Оның 60-тан астамы далалы алқаптарда болған. Келтірілген шығын көлемі әзір белгісіз. Құтқарушылардың алдын ала болжамы бойынша келеңсіздікке тұрғындардың шабындық жерлерде қалған ескі шөптерді өртеуі себеп болған.
Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:
Қазіргі күні Шарбақты ауданында өрт толығымен сөндірілді. Мамандар оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Елді-мекендерге төнген қауіп жоқ - деді.
Ө. Қуанар