Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Коронавирустың кесірінен Қытайдың ІЖӨ-сі 7% қысқарды

AstanaTV
17.04.2020ж. 20:00
1899
Коронавирустың кесірінен Қытайдың ІЖӨ-сі 7% қысқарды

Коронавирустың кесірінен Қытайдың ішкі жалпы өнімі құлдырады. Қиыны сол, олардың  экономикасының әлсіреуі әлемге зиянын тигізбек. Бұл аздай, COVID-19 гуманитарлық апатқа да түрткі болады. Сарапшылардың болжамы - осы. Әлемдегі жағдай келесі бейнематериалда.

Індеттен үрейленген Бейжің билігі COVID-19-дан сақтану үшін қатаң шараларды қолға алды. Өндіріс, шағын және орта бизнес тоқтап қалды. Күшейтілген тәртіп елдің әлеуметтік жағдайына ұшан-теңіз зардабын тигізді.

Мао ШЕНГИОНГ, ҰЛТТЫҚ СТАТИСТИКА БЮРОСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

Қытайдың ішкі жалпы өнімі алғашқы тоқсанда шамамен 2,91 трлн АҚШ долларына жетті. Бұл жылдық көрсеткішпен алғанда 6,8% аз. Бөлшек сауда қаңтар мен ақпан айындағы 20 пайыздық құлдыраудан кейін 15,8% қысқарды. Ал негізгі капиталға құйылар инвестициялар 16% төмендеді.

Қытайдың қиын жағдайда қалғаны АҚШ билігі үшін де сабақ болды. Дональд Трамп елді қалыпты өмір ырғағына қайтадан көшірмек ниетте. Бірақ соңғы тәулікте мұнда 4,5 мың науқас көз жұмып, 650 мың адам ауру жұқтырған.

Дональд ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз кезең-кезеңімен қалыпты өмірге көшеміз. Сондықтан адамдардың барынша сақ болғаны жөн. Қазір Нью-Йорк пен Нью-Джерсиге қайта оралуға әлі ерте. Бірақ біздің бағытымыз дұрыс.

Ал Қызыл Крест Халықаралық комитеті Таяу Шығыстағы миллиондаған адамның өміріне алаңдаулы. Қазір кей мемлекеттерде карантин жарияланып, комендант сағаты енгізілген. Соғыс өрті бәсеңдесе де, бейбіт тұрғындар үшін тамақ табудың өзі қиынға соғып отыр. Жағдай өзгермесе, гуманитарлық апаттың да орын алуы мүмкін.

Фабрицио КАРБОНИ, ҚЫЗЫЛ КРЕСТ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОМИТЕТІНІҢ ТАЯУ ШЫҒЫС БОЙЫНША ДИРЕКТОРЫ:

Қазір Таяу Шығысқа екі түрлі қауіп төніп тұр. Қақтығыс аймағында вирустың жаппай таралу ықтималдығы аздай, әлеуметтік-экономикалық жағдай нашарлауы мүмкін. Әзірге аурудың алдын-алу жұмыстары ғана жүргізіліп жатыр.

Сирия дәрігерлері бомба талқандаған ауруханалар мен адамға лық толы лагерьлерде кеселдің өршіп кетуінен үрейленеді. Мұнда 33 адам коронавирус инфекциясынан емделіп жатыр. Бүгінде коронавирус дертін жұқтырғандардың саны әлем бойынша 2 млн 160 мың адамға жетті.

Е. Карин