Саяси партияларды құру тәртібі жеңілдейді. Бүгін Әділет министрі Марат Бекетаев Мәжіліс отырысында осылай деді. Депутаттар жаңа заң жобасын мақұлдады. Енді саяси ұйым құру үшін 40 мың емес, 20 мың жақтас болса жеткілікті. Бұдан бөлек, биыл алғаш рет - партиялық сайлаудағы әйелдер мен жастардың үлесін арттыру көзделіп отыр. Мәжіліс Төрағасы бұл нормалар олардың белсенділігін арттырып қана қоймай, елдегі саяси жүйенің жаңғыруына серпін беретінін атап өтті.
Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Әрине, жастардың өмірлік тәжірибесі аздау да болуы мүмкін. Бірақ та, олардың заманға сай, идеялары, олардың заманға сай ұсыныстары өте көп. Қазақ халқы осындайда "Асыл тастан, ақыл жастан" дейді. Сондықтан, меніңше, жастар квотасы партиялық тізімде міндетті түрде болуы керек.
А. Мүтәлі