Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Нұр-Сұлтанда дүйсенбіден бері көлік қозғалысы 10-15 пайызға артты

AstanaTV
22.04.2020ж. 20:00
1676
Нұр-Сұлтанда дүйсенбіден бері көлік қозғалысы 10-15 пайызға артты

Дүйсенбіден бері Нұр-Сұлтанда жол қозғалысы 15 пайызға артты. Қалалық полиция департаментінің дерегі - осы. Бұл- шаһардағы кейбір кәсіпорындардың жұмысты қайта бастауына рұқсат бергенімен байланысты деді. Алайда, қала ішінде көлікпен заңсыз қатынап жүрген азаматтар да бар. Әріптесім Айя Мүтәлі мобильді бекеттердің бірінде болып, жол қозғалысымен танысып қайтты. 

Елордада 20 сәуірден бастап бірнеше кәсіпорын өз жұмысын қайта бастады. Алайда, бұл карантиндік режим аяқталды деген сөз емес. Патрульдік полиция қала ішіндегі әрбір көлікті тоқтатып, тексеруді жалғастыруда. Рұқсат қағазы мен жол жүру мақсатын сұрап жатыр. 
 
Елжан ЧУПЕКОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

Полиция әкімшілігінің жұмыс тәртібі бұрынғыдай. Қызметкерлер тәулігіне 13-14 сағат ауысыммен жұмыс істейді. Көптеген кәсіпорын өз жұмысын қайта бастауына байланысты қаладағы көлік қозғалысы 10-15% артты. Біз жағдайды бақылауда ұстаймыз. Жұмыс уақытын да біршама өзгерттік. Мобильді посттардың жұмыс істеу уақыты қысқарды. Бірақ патрульдер аулаларды аралап, бақылау-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Полиция департаменті карантин енгізілгелі бері ескертуге құлақ аспай, тәртіпті бұзғандардың да бар екенін айтады. Осы күнге дейін айыппұл тұрағына 1 мың 109 автокөлік жеткізілген. Блок-бекеттердің шекарасын бұзғаны үшін 199 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Тәулік ішінде 115 азамат құқық бұзған. Есесіне, карантин басқа қылмыстардың азаюына сеп болыпты. Мәселен жол апаты 76%-ға, ал зардап шегушілердің санын 72%-ға төмендеткен. Жол ережесін бұзушылар да айтарлықтай азайыпты.
 
Елжан ЧУПЕКОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

Мен азаматтардың шыдамдылық танытуын сұраймын. Біз жазалау шараларын қолданбауға тырысамыз. Басты мақсат - алдын алу. Ескерту жасаумен ғана шектелгіміз келеді. Тұрғындар тарапынан да түсіністік танытатындары бар.

Жалпы ел астанасында 26 мобильді бекет жұмыс істеп тұр. Олар кешкі сегізден кейін барлық көшелердегі қозғалысты тежейді. Яғни, түнгі уақытта қала ішінде жүруге мүлдем тыйым салынған.

А. Мүтәлі