Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қазақстан бойынша 65 000 отбасыға азық-түлік себеті таратылды

AstanaTV
23.04.2020ж. 20:00
3824
Қазақстан бойынша 65 000 отбасыға азық-түлік себеті таратылды

Қазақстан бойынша 65 мың отбасыға азық-түлік себеті таратылды. Қайырымдылық шара Президенттің бастамасымен "Біз біргеміз" акциясы аясында қолға алынған. Бұл науқан әлі де жалғасуда. Азық-түлікке зәру отбасылар өтініш жібере алады. 

Эльвира Жұмабекова - көп балалы ана. Бала күтімімен үйде отыр. Күйеуі құрылыс саласында жұмыс істейді. Отбасының жалғыз асыраушысы да - отағасы. Карантин кезінде ол да табыссыз қалды. Жағдай қиындаған соң әкімдіктен көмек сұрауға мәжбүр болыпты. «Біз біргеміз» акциясы аясында еріктілер басты қажеттіліктерді үйге дейін жеткізіп берген.  

Эльвира ЖҰМАБЕКОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Осы төрт баланың анасымын. Сіздерге хабарластық. Қиын болды енді. Күйеуім әрдайым жұмыс істеп үйреніп қалғаннан кейін қиналып қалдық біраз. Балалардың бәрі үйде қазір. Сыртқа шықпайды. Мектепке бармайды.

Көп балалы отбасылардан бөлек, мұндай көмек жалғызілікті ейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да көрсетілуде. Бұл шараға еріктілермен қоса, партиялықтар да атсалысуда. Олар мұқтаж жандарға күнбағыс майы, ұн, күріш, қант, қарақұмық пен тауық етін арнайы қоржынға салып, жеткізеді. Ал оны алу үшін 109 нөмеріне немесе аудандық әкімдікке хабарласып, жағдайыңызды жеткізсеңіз болғаны. Елорда шаһарының басшылығы азық-түлік қоржынын тек шын зәру азаматтар алса екен, дейді.

Данияр БАБАМҰРАТОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:


Кейде адамдар мұқтаж азамат ретінде бізге хабарласады. Біз азық-түлік себетін толтырып, еріктілерді жібереміз. Бірақ себетті апарғанда ол отбасының мұндай көмекке мұқтаж емес екенін көріп жүрміз. Ондай кезде еріктілер жауапкершілікті өз мойнына алып, қоржынды кері алып кетеді. Сосын оны шын мәнінде мұқтаж адамдарға үлестіреді.

Ең өкініштісі ондай азаматтар көп екен. Елорданың өзінен азық-түлік алу үшін 30 мыңнан астам отбасыдан өтініш түскен. Әзірге соның 10 000-ға жуығы толық қамтылып отыр. Акция аясында тағы 10 000-ға жуық адамға жақын күндері азық-түлік қоржыны таратылмақ. Әлеуметтанушылар бұл дер кезінде қолға алынған шара дейді.

Рамазан САТТАРҰЛЫ, ӘЛЕУМЕТТАНУШЫ:


Мұндай көмектің маңыздылығы әзіргі кезде әсіресе, азық-түліктің қымбаттауына байланысты маңызды. Сонымен қатар, қазіргі кездегі жұмыстан айырылғандарға мемлекеттің қаржылай көмегі де өте орынды.

Акция жетекшілері жұртшылықты қысылтаяң кезде ел тағдырына бей-жай қарамай, мұқтаж азаматтарға қол ұшын созып, қайырымдылық акцияларына атсалысуға шақырады.

А. Мүтәлі