Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Алматыда екі аяғынан айырылған қыз 20 млн моральдық өтемақы талап етті

AstanaTV
24.10.2017ж. 20:00
2560
Алматыда екі аяғынан айырылған қыз 20 млн моральдық өтемақы талап етті

Алматыда жантүршігерлік апатта екі аяғынан айырылған Екатерина Парафиева 20 млн теңге моральдық өтемақы талап етті. Тергеу барысында көлік апатына автобус жүргізушісі кәнәлі деп танылған болатын. Істі бүгін Бостандық аудандық соты қарай бастады. Алғашқы сот процесіне жәбірленуші мүгедек арбамен келіп, көлік апатының мән-жайын баяндап берді. Егер балалар тасымалымен айналысатын автобус жүргізушісінің кінәсі дәлелденсе, 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Мүгедектік арбаға таңылған Екатерина Парафиева бүгін сотқа туған-туыстарымен бірге келді.  Іс мемлекеттік тілде қаралып жатқандықтан, жәбірленушіге аудармашы ұсынылды. Судья Арай Нұғыманова сотқа қатысушылармен танысқан соң, тараптардың талап-тілектерін тыңдады. Прокурор айыптау қортындысымен таныстарды. Жарымжан болып қалған Парафиева соттан моральдық өтемақы ретінде 20 млн теңге өндіруді сұрағаны белгілі болды.  

Екатерина Парафиева, жәбірленуші:

Меніңше, моральдық өтемақы туралы сот барысында белгілі болады. Мен бұл мәселені талқылағым келмейді. Мен ешкімді кінәламаймын. Сот бәрін шешеді. Қазір туыстарыммен бірге аяғыма шетелде операция жасатуды ойластырып жатырмыз. Ешкіммен араласып жүрген жоқпын, ешқандай материалдық көмек те алған жоқпын.

Жол апатынан соң бес айдан бері ауруханада, сосын үйінде ем алып жатқан жәбірленуші оқиғаның мән-жайын айтып берді. Ол көлігінің дөңгелектері қақпағы ашық жатқан люкке түсіп кеткен соң, тоқтауға мәжбүр болған. Жүк салғыштан апаттық белгіні алмақ болғанда, қатты жылдамдықпен Тойота камри көлігі соққанын айтады. Бірнеше ай бойы жүргізілген тергеу қорытындысы бойынша, жол апатына автобус жүргізушісі кінәлі деп танылыпты. Автобус соққысынан жеңіл көлік Парафиеваның көлігіне соғылса керек. Сондықтан «Тойота Камри» иесі куәгер ретінде сұралып жатыр.

Ұлан Әбдуалиев, куәгер:

Есімді жиған соң, қарасам, Парафиеваның екі аяғы салбырап тұр. Шок болдым. Сосын мен полицияға мән-жайдың қалай болғанын айтып бердім. 

Ал отыз төрт жастағы автобус жүргізушісі тағылған айыппен келіспейді. Дәурен Жаңабаевтың адвокаты Екатерина Парафиеваның жол қозғалысы кезіндегі іс-әрекетіне де құқықтық баға беруді талап етіп отыр. Олар жәбірленуші көлікті қауіпті жерге қаңтарып қоймағанда, апат орын алмас еді деп есептейді.

20 млн теңге аз ақша емес. Әрқайсысының іс-әрекетіне баға берілуі керек. Тек содан кейін барып қана ол моральдық өтемақының өндірілуі шешілуі керек. Сондықтан істі қайтадан тергеуге жіберуіңізді сұраймын.

Күдікті Қылмыстық кодексінің 345-бабының 2-бөлігі, абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiрді деп айыпталып отыр. Оның кінәсі дәлелденсе, 2 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді немесе 2 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Келесі сот процесі 7 қарашаға белгіленді. Ол кезде сотта Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері мен «Алматы тазалық» мекемесінің қызметкерлеріне жауап алынбақ. Аталған тұлғалар Алматыда ең үлгілі саналатын әл-Фараби даңғылында неліктен люктердің ашық қалғанына жауап береді. Ал жәбірленуші келесі сот отырысына қатыспауы мүмкін. Себебі оны күрделі операция күтіп тұр.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ