Жасырын
алтын өндірушілер өз жұмысын заңдастыра алады. Мәжіліске түскен Жер қойнауын
пайдалану туралы кодекс жобасына сай, бұған рұқсат берілуі мүмкін. Бұл туралы
Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Тимур Тоқтабаев мәлімдеді.
Алтын
мен асылтас өндірушілерге тиісті рұқсатнаманы жергілікті әкімдік береді. Ол
құжатты иеленген адамның үш жылға дейін жұмыс істеуге мүмкіндігі бар.
Вице-министрдің айтуынша, елде қиыршықты алтын мен басқа да асыл метал кеніштері
көп. Сәйкесінше, заңсыз өндірушілер де жетеді. Бұған дейін оны заңдастыру жеті
жылға дейін созылатын.
Тимур Тоқтабаев, ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары:
Міндетті талап - жеке қондығысы болуы, тереңдігі үш метрге дейін, жер аумағы 5 гектардан көп емес. Тек қиыршықты кен орыны. Жарылғышсыз, химиялық қоспасыз. Жылына 50 келі алтын өндіру пайдалы қазба салығынсыз болады. Суды қолдану рұқсаты қажет емес.
Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекс жобасын Мәжіліс бүгіннен бастап өндіріске алды. Таныстыруда депутаттар жобаның олқы тұстарына да тоқталды. Кодекс жобасының 3-бабында қызмет көрсету бойынша тендерге шет елдік компаниялар да қатысады делінген. Бұл отандық бизнесті шектейді және қып-қызыл шығын, - дейді депутат.
Мейрам Пішембаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:
14 шақырым электр желісін тарту бойынша конкурс Лондонда бірнеше млн долларға өткен. Бұл отандық өндірушілерді шектейді. Лондон, Норвегия, Канада керек емес. Кодексте бұрынғы қателікті қайталап тұрсыздар.