$487.37 €532.94 ₽5.09
×

Сәуірден бастап 40 мыңға жуық медицина қызметкері жалақыға қосып, үстемақы ала бастады

AstanaTV
28.04.2020ж. 20:00
2174
Сәуірден бастап 40 мыңға жуық медицина қызметкері жалақыға қосып, үстемақы ала бастады

Сәуірден бастап 40 мыңға жуық медицина қызметкері жалақыға қосып, үстемақы ала бастады. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өкілдері мәлім етті. Президент тапсырмасымен сала мамандарын ынталандыру үшін 35 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген.

Індетпен күресте тағдырын қатерге тігіп, өзгенің өмірін арашалап жүрген дәрігерлердің еңбегі ерен. Бүгінгі күннің батырына айналғандардың бірі қарағандылық Галина Шайхутдинова. Ол аймақтағы жұқпалы аурулар ауруханасының медбикесі. Үй бетін көрмегеніне, жақындарымен қауышпағанына да бір ай болған. Елдегі жағдайға байланысты оның жұмысы қауырт.  
 
Галина ШАЙХУТДИНОВА, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛЫЛЫҚ ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ МЕДБИКЕСІ:

Біз өмірде алғаш рет, коронавирус сияқты қауіпті инфекцияға тап болдық. Президентке алғысым шексіз. Біздің еңбегімізді ескеріп жатыр. Уәде етілген 850 мың теңге көлеміндегі үстемақыны алдық. Ризамыз.

Үкімет ақ халаттыларға үстемақы төлеуді наурызда бастап кеткен.  Олардың жұмысының қауіптілігіне қарай 3 категория бойынша дәрігерлерге төлем жасауды ұйғарған болатын. Берілетін төлем 3 топ бойынша 380 000 теңге мен 1 000 000 теңге аралығында болмақ.

Айбатыр ЖҰМАҒҰЛОВ, «ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Ең көп медицина қызметкерлері үшінші топта. Осы санаттағы 9 мың қызметкерге 846 млн.теңгеге төленді. Ал екінші топтағы 7 мың адамға 1,8 млрд, жоғары тәуекел тобы бойынша жұмыс істейтін 1400 қызметкерге 717 млн.теңге төленді.

Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп 26 мың қызметкердің еңбекақысына ай сайын үстемақы төлеу тетіктерін әзірлеген. Сәуір айынан бастап үстемақы алатын қызметкерлер саны екі есе артты. Ал, оның ашық әрі әділ тағайындалуын арнайы комиссия қадағалайды.

Ғ.Өтемісов