Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

«Nur Otan» халықпен онлайн байланыс орнатты

AstanaTV
28.04.2020ж. 20:00
2442
«Nur Otan» халықпен онлайн байланыс орнатты

«Nur Otan» партиясы карантинге қамалған халықтың мұң-мұқтажына құлақ қойып, онлайн байланыс орнатуды жалғастырып келеді.  Әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирге шыққан партияның аймақтардағы филиалдары, тұрғындардың өтініштерін тыңдап, мәселесін шешіп берді. Мысалы, «Birgemiz» қорынан берілер 50 мың теңге көмектен тыс қалған павлодарлық IІ топ мүгедектер партия назарынан тыс қалмайды. Өңірлердегі өзекті бастама туралы, ондағы сауалдар жөнінде тілшіміз жалғастырады.

Павлодардағы IІ топ мүгедектері партияның ақшалай көмегінен қағылыпты. Көп балалы һәм аз қамтылған отбасылар, I топ мүгедектері мен жалғызілікті қарияларды тізімге алғанымен бұл азаматтар оған кірмеген. Тікелей эфирде сұрақ қойғандарды осы мәселе толғандырды. «Nur Otan» партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко, бұл санаттағы азаматтардың да көмектен тыс қалмайтынын жеткізді.

Илья ТЕРЕНЧЕНКО, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз бірінші кезеңде IІ топтағы мүгедектердің назардан тыс қалғанын анықтадық. Орталық аппараттың көмегімен бұл мәселе шешілді. Енді олар да екінші толқында тізімге ілігіп, осы жолы 50 мың теңгелік көмекті алатын болады.


Партияның назарынан алматылықтар да тыс қалмайды. Мұны облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары әлеуметтік желідегі тікелей эфирде айтты. "Біз біргеміз" акциясы басталғалы, партияның қоғамдық қабалдауына 5 мыңға жуық талап-тілек түскен. Оның 70 пайызы оң шешімін тапқан. Сондай-ақ, азық-түлік себеті мен қорғаныш заттары таратылған. Одан бөлек қаржылай бір реттік көмекте берілген. 

Жанболат ЖӨРГЕНБАЕВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Республиканың «Біргеміз!» қорының Талдықорған қаласының мұқтаж азаматтарына 3361 азаматқа көмек көрсету мақсатында облыстық «Біргеміз Жетісу!» қорына 168 млн. теңге қаражат түсті. Жеті санат бойынша Талдықорған қаласының тұрғындарына қаржылай көмек толығымен берілді.

Оралдықтар да «Nur Otan»-ның әлеуметтік желідегі тікелей эфирінде көкейде жүрген көп сұраққа жауап алды. Карантинде тарыққан халықты негізінен әлеуметтік көмектің жай-жапсары мазалайды. Қазір қалада қоғамдық көлік қозғалысы тоқтатылып, базарлар жабылды. Осыған қарамастан, өзіне берілген 42500 теңге жәрдемақыдан бас тартып, мемлекетке кері аударған ізгі жүректі азаматтар да аз емес.

Мұрат МҰҚАЕВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Ол кісілердің айтуынша, бізден де қиын жағдайда жүрген азаматтар бар. Неге 42 500 теңгеге қарап қалған ештемеміз жоқ, аштан өлейін деп жатқан жоқпыз. Жеткілікті. Барлығы да бар. Бізге қажеті жоқ екен деп, қаражаттарын кері қайтарып берді.

Оралдағы тікелей эфирді 500-ден астам адам көріп, 340-тан астам сұрақ жолданды. Олардың көпшілігіне нақты жауап берілді. Төтенше жағдайға байланысты партияның облыстық және аумақтық филиалдары тұрғындардың арыз-шағымын онлайн қабылдауда. Халықпен байланысты күшейту үшін енді мұндай тікелей эфирлер тұрақты түрде өткізіліп тұрмақ.

Е. Карин