Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Қазақстанда көтерме-тарату орталықтарының бірыңғай кешенін құрайтын ұлттық тауар өткізу желісі құрылады

Қазақстанда көтерме-тарату орталықтарының бірыңғай кешенін құрайтын ұлттық тауар өткізу желісі құрылады

Елде жеміс-көкөніс өнімдерін сақтайтын орындар жетіспейді. Бүгінде оның тапшылығы 70 пайызды құрайды, яғни 5 млн тоннаға жуық  өнімді сақтайтын орын жоқ. Осының салдарынан маусымаралық уақытта бірқатар өнімнің бағасы шарықтай түседі. Нақтырақ айтсақ қазіргі жүйе халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуде тиімсіз. Осы орайда Үкімет көтерме-тарату орталықтарының бірыңғай кешенін құрайтын ұлттық тауар өткізу желісін құруды қолдады. Құны 200 млрд теңгеден астатын жаңа жүйе жайында Әлішер Өмірзақ айтып береді.

Бақыт СҰЛТАНОВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:

Жыл сайын ақпаннан мамырға дейін, егін қоры таусылып, көрші елдерден жаңа өнім келе бастағанда біз бағаның жоғары тұрақсыздығын байқаймыз. Бұл өз кезегінде инфляцияға теріс әсер етеді.

Елде өндірілген өнімді сақтап, тиімді жолмен тұтынушыға жеткізу тетігінің әлсіз тұстарын тізіп шыққан, министр жаңа жүйе ұсынды: көтерме-тарату орталықтарының бірыңғай кешенін құрайтын ұлттық тауар өткізу желісін құру. 2022 жылы аяқталуы тиіс жоба құны 237 млрд теңгеге бағаланған. Бақыт Сұлтанов осының арқасында ішкі тапшылықты қамтып қана қоймай, экспортқа да оң жағдай туатынына сенімді. 

Бақыт СҰЛТАНОВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:

Жалпы 2022 жылға қарай көлемі жылына 4,8 млн тонна қуатты құрайтын тетікті ұсынамыз. Бұл қуат еліміздің тапшылығын толық қамтиды және алдағы уақытта экспорттық экспансияға оң жағдай жасайды.

Кейбір нарық қатысушыларының төтенше жағдайды пайдаланып жатқанын сынға алған үкімет басшысы Асқар Мамин Сауда және интеграция министрлігі ұсынған тәсілдерді қолдау қажеттігін айтты. Осы орайда әкімдіктерге көтерме-тарату орталығын салуға жер бөлуді тапсырды.

Асқар МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

24-тен аса көтерме-тарату орталығы салынады. Бұл шамамен 4,8 млн тонна агроөнімді сақтауға, өңдеу мен таратуға мүмкіндік береді. Биылдың өзінде Павлодар, Алматы және Түркістан облыстарында, сондай-ақ қосымша Жамбыл облысын көреміз - бірнеше көтерме-тарату орталығы іске қосылады.

Көтерме-тарату орталықтары арқасында 10 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтылады. Ал аграрлық өнім бағасы 25 пайызға дейін төмендейді деп күтіледі.

Ә. Өмірзақ