Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Түркістандық дихандар үкіметтен көмек сұрайды

AstanaTV
29.04.2020ж. 20:00
2690
Түркістандық дихандар үкіметтен көмек сұрайды

Түркістан облысының дихандары үкіметтен көмек сұрап отыр. Мәселемізді мемлекеттік деңгейде шешпесе, шығынға шаш етектен батып қалдық дейді шаруалар. Ерте көктемде қырыққабат еккен жұрт карантиннің кесірінен өнімін өткізе алар емес.

Бұл Мақтарал ауданы дихандарының жазбасы. Шаруаның маңдай тері ақталар емес. Жан айқайын әлеуметтік желі арқылы жеткізген жұрт, тонналаған қырыққабатты егістік басында қалдыруға мәжбүр. Ерте көктемде қырыққабат еккен жетісайлық шаруалардың да мәселесі осы. Енді миллиондаған несиені қалай жабарын білмей дал.

Нұрлан ӘСЕТОВ, ДИХАН:

Көріп тұрғандарыңыздай капустаның барлығы жарамай қалды, уақыт өтіп кетті, барлығы жарылып кетті. Ал бұл капустаны біз 1 гектарын 1,5 млн теңгедей шығын шығарғанбыз. Өкінішке орай осы шығынды өтей алмадық. Капустаның бір келсін де сата алмадық поляда.

Шаруалардың айтуынша қырыққабаттың бағасы да түсіп кеткен. Келісі 5-10 теңгеден сатылуда. Ал өзіндік құны 40 теңге дейді. Негізгі алушы - Ресей. Бірақ биыл шекара жабық деп отыр. Аудан шенділері болса, бағаның түсіп кетуі нарық заңы деді.

Марат ӘБУОВ, ЖЕТІСАЙ АУДАНЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Ешқандай шектеу жоқ. Блок бекеттерден барлық жүк көліктері кедергісіз өтуде. Ол үшін аумақтық инспекциядан беріліп жатқан карантиндік фитосанитарлық сертификаттармен қоса әрбір көлікке «Біз біргеміз» Түркістан облыстық ауыл шаруашылық өнімдері» деген логотип берілуде. Сол логотиппен оларға жасыл коридор арқылы өткізуде.

Еңбегіміз еш болады ма деп шырылдаған шаруалардың жайын өңір басшысы кеше үкіметте көтерді. Ауыл шаруашылық министрі мәселені шешетінін айтты. Алайда, дихандардың алаңдатытын бұл ғана емес. Ресейге жеткізілген өнімді сатуда да қиындықтар бар. Мәселе тездетіп шешілмесе, қиындықтың көкесі алда деп отыр. Өйткені мамырдың соңына қарай қауын мен қарбыз жаппай піседі.

А. Төребекқызы