Елорда маңындағы Жалтыркөл ауылының тұрғындары 2 айдан бері қалаға кіре алмай жүр. Карантин басталғалы жұмысы тоқтаған жұрт қарызға белшесінен батқанын айтты. Базыналы халық жергілікті әкімдіктен де көмек сұрапты. Бірақ, олардан да қайыр жоқ деп отыр. Қаржыдан қысылған қауым бүгін жұмысқа шығуға бекінген. Бірақ оларды блок-бекеттен өткізбеді. Тараптарды тындап қайтқан әріптесім Ғалымжан Өтеміовтың репортажы.
Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:
Қазақстанда төтенше жағдай аяқталды. Алайда дәл осы күнді көптен күткен халықтың қуанышы көпке созылмады. Себебі арнайы комиссия шешімімен карантиндік сақтық шаралары жалғаса бермек. Дәл қазір біз Жібек Жолы бойындағы бақылау бекетінде тұрмыз. Бұл жерде таңнан бері Ақмола облысы, Аршалы ауданына қарасты Жалтыркөл ауылының тұрғындары қалаға кіруге рұқсат сұрап тұр. Себебі ауыл халқының жартысына жуығы қалада жұмыс істейді. Дегенмен мекен-жай анықтамасына байланысты олар жұмысына барса үйіне қайта алмайды, үйіне қайтса қалаға кіре алмайды. 2 айдан бері жұмыссыз отырған жұрт қарызға белшеден баттық деп отыр.
Бақылау бекетінде жиналғандардың талабы - осы. Айтуларынша жұмысқа шықпаса нәпақасынан айрылады. Жұмыс берушілер ескерту де жасаған. Бірақ, тұрғылықты мекен-жайлары қалада болмағандықтан, олар сырттан кіре алар емес.
Ерлан ЕРЖАНОВ, ЖАЛТЫРКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Үйде отқаннан ешкім бізге ақша бермейді. Осылай жабылып тұра берсе, біз шыға алмасақ ертең бізде де ұрлық көбейіп, убиство, ажырасу деген басталады.
Айтуларынша ауылдың 800-ге жуық тұрғыны қалаға қатынап, жұмыс істейді. Алайда тұрғындар жұмыс тұрмақ, дәріханаға да қатынау мұң дейді. Себебі ауыл карантиндік аймақта орналасқан. Ал дүкендегі қарыз шаш етектен дейді. Жағдайды пайдаланғысы келген дүкен иелері бағаны шарықтатып жіберді деп отыр.
Серікбай СЕЙІТАХМЕТОВ, ЖАЛТЫРКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
42500 теңгені көбісі алмады. Дүкендердегі қарыз дәптерлер толып та кеткен шығар. Сенбесеңіздер барып көріңіздер. Біз мұнда еріккеннен келіп отырғанымыз жоқ. Амалымыз таусылған соң осындай қадамға барып отырмыз.
Нұр-Сұлтан әкімдігі бұл жағдайдан хабардар. Жұмыс берушілер арнайы анықтама әзірлесе, ауыл тұрғындарын қалаға кіргізуге рұқсат берілетінін айтты.
Нұрлыбек МҰРАТОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. ТҰРҒЫН ҮЙ ҚОРЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ:
Тұрғындардың сұрақтарын жедел-штабқа жібердік. Сол жақтан шешім қабылданады. Карантин болғандықтан, егер жұмыс берушілер арнайы анықтама жіберсе, оларды жұмысқа өткізе аламыз. Бірақ тұрғындардың көбі жеке кәсіпорындарда жұмыс істейді. Ондай азаматтар өкінішке орай қалаға кіре алмайды.
Президент бүгін төтенше жағдай аяқталғанымен, сақтық шаралары әлі де жалғаса беретінін ескертті. Демек, бақылау бекеттері әзірге ашылмайды. Ал жалтыркөлдік азаматтардың мәселесі қалай шешілетіні әзірге белгісіз.
Ғ. Өтемісов