Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Мақтааралда су жаңа шағын ауданның құрылысы басталып кетті

AstanaTV
11.05.2020ж. 20:00
2478
Мақтааралда су жаңа шағын ауданның құрылысы басталып кетті

Мақтаарал ауданына қарасты "Нұрлы жол" ауылының тұрғындары суды өз күштерімен бөгеген. Төтенше жағдай қызметінен көмек келгенше, олар биіктігі 1,5 метр болатын дамбаныны тұрғызып үлгерген. Ал, қызыл суда қалған аумақтарда жұмыс қызған. Тіпті 500 отбасына арналған жаңа шағын ауданның құрылысы да басталып кетті. Тасқанның зардабын тартқан Мақтаралдағы бүгінгі жағдайды тілшіміз баяндайды.

Мырзакент кентінде қазір қарбалас. 500 отбасыға арналып салынатын тұрғын үйлердің құрылысы басталып кеткен. Одан бөлек, мектеп, балабақша сынды әлеуметтік нысандар да қарастырылған. Жеңіс, Жаңа тұрмыс, Достық елді-мекендерінің тұрғындары жайғасатын жаңа шағын ауданның құрылыс жоспарымен қос елдің Премьер -Министрлері танысты. Алғашқы үйлердің іргетасын да бірге қалады. 

Құрылыс тамыз айында аяқталуы тиіс. Құрылыс жұмыстарына екі елдің де мамандары жұмылдырылған. Үкімет басшылары қызыл су кірген өзге де ауылдардағы қираған үйлерді қалпына келтіру жұмыстарын да тексеріп, жергілікті халықпен кездесті.

Ауданда тасқынның салдарын жою жұмыстары да қызған. Тасқынның алдын алуға жергілікті халық та үлес қосып келеді. Айта кетейін, Нұрлы жол ауылының тұрғындары өз күшімен ауылды судан аман алып қалды. 130 түтіні бар елді-мекеннің ер азаматтары биіктігі 1,5 метрлік дамбыны төтенше жағдай қызметін күтпей-ақ өздері тұрғызыпты. 

Әбдіғаппар ҚАЗАҚБАЕВ, МАҚТААРАЛ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Если бұл дамбыны бұлар салмағанда сол елді мекенді су басып кететін еді, содан сақтап қалды сол балдар. Бір жеңнен қол шығарып, бір жағадан бас шығарып, бәрі ұйымшылдықпен ауылды сақтап қалды ғой. Енді басқа бөлімшелерді де ертерек жан жағын қоршап кіргізбеуге болатын еді.

Зардап шеккен халыққа жәрдемге келіп жатқандар көп. Мақтаралдықтарға «Nur Otan» партиясы да 40 тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізген.

Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫ «JAS OTAN» ЖҚ ЖЕТЕКШІСІ:
 
40 тн азық-түлікті 1,5 мың отбасыға арнайы себеттерге салынып осында жіберілді. Сол заттарды «Жас Отан» жастарымен арнайы жеткіздік. Біз мақтааралдықтармен біргеміз. Осы қиыншылықтың бәрін бірге еңсереміз деген ойдамыз. Қазіргі таңда халқымызға, елімізге сабыр керек. Екіншіден біріге білуіміз қажет.

Бейсенбай ТӘЖІБАЕВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл 1,5 мың тұрғынға есептелген. Әр азаматқа 25-30 келі көлемінде тиесілі болады. Сондықтан да партия қазіргі уақытта осы гуманитарлық көмекті ұйымдастыру, халықпен тікелей байланысып жұмыс істеу және аталған көмектерді осы отбасыларға, эвакуациялық пункттерге жеткізу жұмыстарымен партия тікелей айналысып отыр.

Мақтаарал ауданында арнайы ашылған қоймаларға 250 тонна азық-түлік пен қажетті заттар жиналыпты. Соның 70 тоннадайын таратылып үлгердік деді партия өкілі. Мұндай көмек туыстарының үйін паналағандарға да беріліп жатыр.  Айта кетейік, демеушілер тарапынан зардап шеккен әр отбасыға 1 мың АҚШ валютасымен сертификаты да табысталды.

А. Төребекқызы