Қостанайда карантин режиміне қарамастан Жеңіс күнін тойламақ болған жастар әкімшілік жазаға тартылды. Ең сорақысы басқосуға келгендердің бірі бойжеткенді ұрып-соғып, күш көрсеткен. Зардап шегуші Лаура Сүндет жанайқайын әлеуметтік желі арқылы жариялап, зорлық көргенін жалпақ жұртқа жария етті. Ал қызды қорлаған жігіт экс-полицейдің еркесі болып шықты.
Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:
Келеңсіз оқиға оныншы мамырда болған. Шаһар шетінен коттедж жалдап алған он шақты жас, Жеңіс күнін атап өтуге жиылған. Құрбысы шақырған соң басқосуға Лаура Сүндет те барған. Ол отырыстағы жастардың арақ ішкенін, өзі ащы судан ұрттамағанын айтады.
Лаура СҮНДЕТ, ЗАРДАП ШЕГУШІ:
Жеке заттарымды алу үшін үйге кірдім. Ол менің соңымнен ере кірді. Маған тисе бастады. Мен оны итеріп жібердім. Неге бұлай істедің дедім. Қатты соққыдан еденге құлап түстім. Мені балағаттап, айқайлап жатты.
Күдіктінің жасы жиырма екіде. Онымен бұрын соңды таныс болған емеспін, - дейді бойжеткен. Кездесіп, кешірім сұрағысы келетінін білдірген. Лаура одан ақшада да, басқа да талап еткісі жоқ. Тек заң шеңберінде жазаға тартылуын қалайды.
Жанар ШОПАҒҰЛОВА, ҚОРҒАУШЫ:
Тергеу амалдары аталған іс бойынша әлі толық өткізілген жоқ. Іс бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды, соның қорытындысына сәйкес істің мәнісін анық айтуға болады. Әзірге белгілісі гендерлік сипаттағы зорлық фактісі.
Полиция қылмыстық кодекстің 121-бабы, яғни «Жыныстық сипаттағы күш қолдану әрекеттері» бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады. Сот-медициналық сараптама тағайындалған. Күдіктіні қамауға алуға әзірге негіз жоқ деп отыр.
Нұрлан АРЫСТАНОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Жігіттің әкесі бұрын полицияда жұмыс атқарған. Қазір зейнеткер. Былтыр ақпан айында зейнетке шыққан. Қазіргі уақытта оның тергеу амалдарына ешқандай қатысы жоқ. Әділ шешім қабылданады.
Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:
Тергеу амалдары аяқталған соң түпкілікті шешім қабылданбақ. Егер күдікті 121 бап бойынша айыпталса, 3-тен 5 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Ал төтенше жағдай кезінде Жеңіс күнін тойлаған жастар әкімшілік жауапқа тартылады, -деді полицейлер.
З. Санай