Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Елордалық ірі сауда орындарының бірінде шу шықты

AstanaTV
12.05.2020ж. 20:00
3857
Елордалық  ірі сауда орындарының бірінде шу шықты

Елордалық ірі сауда орындарының бірінде шу шықты. «Орталық базар» басшылығы, саудагерлерге жалға алу құнын төлеуді талап еткен. Одан бөлек, коммуналды қызметке де ақы сұрап отыр. Осылай деген кәсіпкерлер бүгін арнамызға шағымданды. Олар базардың алдына жиналып, бас көтерді. Карантинде онсыз да табыссыз қалған жұрт, наразылықтарын ашық білдірді. Бірақ базыналы топқа басу айтып, мәселені түсіндірер жан табылмады. Тақырыпты Айя Мүтәлі жалғастырады. 

Айя МҮТӘЛІ, ТІЛШІ:


Кешелі бері елдегі бірқатар кәсіпорындар ашылып, ел азаматтары қайта жұмыстарын бастады. Осы ретте 2 айдан бері жұмысы тоқтап тұрған саудагерлерде еңбекке кірісетін күнін асыға күткені анық. Алайда, төтенше жағдайдан кейін бірден істі қайта бастау, олар ойлағандай оңайға соғайын деп тұрған жоқ.


Мынау қаладағы "Орталық базардың" саудагерлері. Мұнда жиналған халық базар әкімшілігі карантин кезінде жағдайымызды түсінудің орнына, басынуға көшті дейді.

Кәсіпкерлер базар әкімшілігінің талабы бойынша карантин басталмай жатып сәуір айына орын ақысын төлеп кеткен. Сауда-саттықпен күнелтіп жүрген жұрт нәпақасынан айырылып қалмас үшін жасадық дейді. Ең сорақысы, енді базар бүкіл карантин мерзімі үшін де ақы төлеуді міндеттеп отыр.  Осылай деген базыналы жұрт сауда орнының әкімшілігі кезек-кезек хабарласып, құлақтандырғанын айтады.
 
Ғалия ТҰРЫСБЕКОВА, КӘСІПКЕР:
 
Егер біз кеш төлесек, бізге әр күнге 3000 теңгеден штраф төлейміз. 10 күн кешіксек, 30 мың, 3 күн кешіксек, 9 мың теңге төлейміз. Сондықтан, сондай үстіне пения төлемес үшін біз бәріміз төледік бір ауыздан. Ішінде істеп жатқандар бар. Солар төлеген. Төлемейінше, кіргізбейді бізді. - базар істеп тұр ма сонда? - әр жерде 10 адам бола ма, болмай ма, төлегендер сол тұр.

Ерлан БАШАРОВ, КӘСІПКЕР:

Сонда 41 күнге аренда алып отыр бұл кісілер. Біз жұмыс істеген жоқпыз. Енді май айында біз келіп отырмыз. Келсек, енді май айына төлейсіңдер дейді. Ал апрель айының арендасын есептеп тұрған жоқ базар басшылығы. Басшылыққа келсек, ешкім жоқ. Бізге адам ұқсап, жауап беріп жатқан ешкім жоқ.

Кәсіпкерлер аренда бағасы да аз емес, дейді. Ең кемі 100 мың теңгеден төлейтіндерін айтты. Ашулы халық жұмыс тоқтаған уақыт үшін орын ақысын беруге әсте келіспек емес. Сондықтан, базарда қалған тауарларын алып, бұл жерден көшуге де дайын тұр.

Гүлжан ШОҚАНОВА, САУДАГЕР:

Олай болса, тауарымызды қайтарсын. Көшіп кетейік. Олар оған да рұқсат бермей отыр. Карантин басталғаннан бері де талай рет хабарластым. Ең болмаса, тапсырысты жеткізу қызметі арқылы сауда-саттық жасайық дедім.Не дегенмен күн көру керек. Ол кезде рұқсат бермеген. Қазір болса,  аренда құнын төлеп, бір-ақ ішке кіресіңдер дейді. Оған ақшаны қайдан табамыз?

Саудагерлер 2 күннен бері осы маңды торауылдап шаршапты. Кезек-кезек арыз да жазып жатыр. Алайда, естір құлақ болса игі. Базар әкімшілігі араға күзет қызметін салып қойып, бой көрсетпей жүр, дейді. 

Кәсіпкерлерге телефон шалған базар әкімшілігіне біз де шығып көрдік. Олар болған жайтты толығымен жоққа шығарып отыр. Сұхбат беруден де бас тартты. Қалалық әкімдікке де хабарластық. Бұл мәселеге қатысты жергілікті билік тек ертең ғана жауап бере алатындарын айтты.

А. Мүтәлі