Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Алматыда кене шаққандар саны 600-ге жуықтады

AstanaTV
12.05.2020ж. 20:00
3204
Алматыда кене шаққандар саны 600-ге жуықтады

Алматыда коронавирустан бөлек, кененің кесірінен медициналық көмекке жүгінгендер де көбейген. Көктем шыққалы қаладағы 600-ге жуық адамды кене шаққан. Мамандар болса жәндікті дәрілеу жұмыстарын енді ғана бастады. Қостанайда да кенеден жәбір көргендер бар. Олардың тең жартысы балалар. Өңірлердегі жағдайды әріптестерім баяндайды.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Қостанай облысында көктем шыққалы отыз бес адамды кене шаққан. Медициналық көмекке жүгінгендердің жартысы 14 жасқа дейінгі балалар. Абырой болғанда көмек дер кезінде жасалып, адамдар дін аман. 


Аймақта кенелердің белсенділігі сәуір айының соңында  байқалыпты. Қансорғыш жәндіктерден энцефалит, боррелиоз тәрізді жұқпалы аурулар тарайды. Мамандар қауіптің алдын алу үшін даладан кене жинап, оларда қандай дерттің қоздырғыштары бар екенін анықтауға кірісті. Кешенді зерттеу жүргізу үшін кем дегенде 500 жәндік ұстайды.

Сәуле НҰРЫШЕВА, ҚОСТАНАЙ АУДАНДЫҚ ТАУАРЛАР МЕН ҚЫЗМЕТ САПАСЫН БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жоспар бойынша кенелерді жинап. Кейін оларды облыстық зертханаға апарып тапсырамыз. Оларды кене энцефалиті, боррелиоз яғни осындай ауруларға тексереді.


Ұлттық сараптама орталығы филиалының қызметкерлері кенеден келетін кеселді анықтауға кіріскен. Зертханаға облыстың түкпір-түкпірінен жәндіктер жеткізіліпті. Мамандар зерттеу нәтижелерінің кешірек дайын болатынын айтады. Сондықтан аймақ тұрғындарын аса сақ болуға шақырады.

Инеш МАҒЫПАРОВА, «ҰЛТТЫҚ САРАПТАМА ОРТАЛЫҒЫ» ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ЭПИЗООТОЛОГ МАМАНЫ:

Зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін бізде арнайы тест жүйелері қолданылады. Алайда бұл тест жүйелерін бізге Ресей мемлекеті қамтамасыз етеді. Бірақта карантиндік жағдайға байланысты шекара жабық болғандықтан тест жүйелері бізде қазір қолданыста жоқ. Сондықтан да біз зерттеу нәтижелерін кешіктіріп береміз.

Карантидік жағдайға байланысты жазғы демалыс орындары мен балалар лагерінде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары әлі жүргізілген жоқ. Тек орманшылар мен сол маңдағы малшыларға энцефалитке қарсы екпе жасалды,-дейді мамандар.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Өткен жылы өңірде кенеден кесел жұқтырған бір ғана жағдай тіркелген болатын. Бұл жолы көмекке жүгінгендерге арнайы екпе жасалып, дәрігерлер бақылауына алынған. Жәндіктен жапа шеккен жандар Алатау бөктерінде де көп көрінеді. Алматыдағы жағдайды әріптесім баяндауға әзір екен.


Аршын КЕМЕЛЖАН, ТІЛШІ:

Иә, Заңғар, Алматыда да жағдай ушығып тұр. Бізде де көктем шыққалы 566 адамды кене шағып, дәрігерге келген. Оның жартысы балалар.

Жәндікке қарсы дәрілеу жұмыстары өткен жылдармен салыстырғанда биыл кеш басталды. Оның себебін мамандар былай түсіндірді.

Шерхан ҚЫДЫРБАЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ДЕЗИНФЕКЦИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЭПИДЕМИОЛОГЫ:

Бұл сәуірдің ортасында, басында басталатын кенеге қарсы. Бір жағынан бұл кенеге қарсы жұмыс ауа райына да байланысты. Бізге күн ашық, жылы кезде жасаған ыңғайлы болады. Жаңбырлы кезде біз дәрілеуге шықпаймыз. Одан ешқандай нәтиже болмайды. Биыл кеш бастап жатырмыз. Өйткені, карантинге байланысты жұмысымыз кеше басталды.

Эпидемиологтар залалсыздандыру жұмыстары қала бойынша 22 мамырға дейін жалғасады деді. Жалпы 2 мың гектар аумақты қамтымақ. Кенемен күреске қыруар қаржы биыл республикалық бюджеттен бөлінген.

Жандарбек БЕКШИН, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ БАС САНИТАР ДӘРІГЕРІ:

Бұл жұмысқа Республикалық бюджеттен 75 млн. 415 мың теңге көзделген. Осы екі күннің арасында екі аудан осы ауа райы мүмкіншілік берсе дезинфекция өтеді.


Республикалық санитар мамандардың мәліметінше, кене шағу дерегі Алматы, Ақмола, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында жиі тіркелген. Айта кетсек, Республика бойынша кене шаққаннан екі ауру түрі тіркелген.

Бейсекүл РУСТАМБЕКОВА, ҚР ДСМ «СЭС ЖӘНЕ МОНИТОРИНГ ҒЫЛЫМИ ПРАКТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» ФИЛИАЛЫНЫҢ ЭНТОМОЛОГЫ:

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы бойынша 3435 кене шаққан адамдар медициналық мекемелерге жүгінген. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 1704 жағдай тіркеліп отыр. Осы кене шаққан адамдардың ішінде Шығыс Қазақстанда бір кене энцефаиті ауруы тіркеліп, және Солтүстік Қазақстан облыстында кене бареллезы ауруы анықталып отыр.
 
Кенеден тарайтын бұл аурулардың алдын алмайтын болса, адамның жүйке жүйесі зақымданып, сал болып қалуы мүмкін. Жалпы кенеден келетін кесел көп екенін ескертеді.  Тіпті адамның өліп кетуі де мүмкін екенін айтады. қазір саябақтарды залалсыздандыру жүріп жатыр. Арнайы тақтайшалар да ілініпті. Кем дегенде 24 сағат бойы тұрғындардың кіруіне тыйым салынатыны хабарланған.

Аршын КЕМЕЛЖАН, ТІЛШІ:

Дәрігерлердің айтуынша қауіпті жәндіктен қорғанудың ең тиімді жолы екпе жасау. Айта кетейік, өткен жылы Алматыда 2400-ден аса адамды кене шағып, кене энцефалитінің 5 жағдайы тіркелген болатын.

А. Кемелжан, З. Санай