$499.51 €525.83 ₽4.62
×

Тобыл өңірінде бензин бағасы тағы қымбаттады

AstanaTV
02.10.2017ж. 20:00
2920
Тобыл өңірінде бензин бағасы тағы қымбаттады

Жанар-жағармайдың құны шарықтаған үстіне шарықтап барады. Бұл өзгеріс барлық аймақты қамтып отыр. Мәселен, Тобыл өңірінде АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 8 теңгеге қымбаттап, 155 теңгеге жетті. Мамандар тиісті тексерулерді бастаған. Егер  жанармай құю бекеттері бензин құнын негізсіз көтерген болса, жауапкершілікке  тартылмақ. Жалпы, бұл мәселе қалай реттелуі мүмкін? Біздің бірқатар тілшілеріміз осы сұрақтарға жауап іздеп, тиісті азаматтарды сөзге тартты. 

Заңғар Санай, тілші:

Жарты жылда өңірде бензин бағасы үш рет өзгерді. Маусым айында қымбаттаған жанармай құны, қыркүйектің ортасында 147 теңгеге жеткен еді. Екі күннен бері бекеттердегі баға 155 теңге болды. Қала бойынша тек жалғыз жерде соңғы баға сақталған, оның өзі талонмен беріледі.

Қиын  болды. Көтерілген сайын  бәрі көтеріледі ғой. Бәрі бір-біріне байланысты ғой.

Тяжело переносить это все, постоянно все дорожает и дорожает.

Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті тексеріс басталғанны мәлімдеді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, кейбір кәсіпорындар Ресей жақтың бензинін сатуда. Көрші мемлекеттен жеткізілетін жанармай қымбатқа түсетін көрінеді.

Бауыржан Оспанов, Қостанай облыстық ТМР және бәсекелестікті қорғау департаментінің бөлім басшысы:

Қыркүйектің 10-11 мен 22-30 аралығында көтерілген бензин бағасына байланыты тексеріс жүріп жатыр. Жанармайды қымбаттатуға негіз болған факторлардың қаншалықты шынайы  екенін анықтаймыз. Кейбір кәсіпорындар көрші мемлекеттен жеткізілген жанармайды сатқандықтан, бағаны өсірдік дейді. 

Заңғар Санай, тілші:

Бензин бағасының шарықтауы аймақ тұрғындарын алаңдатып отыр. Көпшілік наразылықтарын әлеуметтік желілер арқылы білдіруде. Көлігіне газ қондырғысын орнатуға көшіп жатқандар да бар. Осыған ұқсас жағдай Шымкентте де орын алған. Аймақтағы әріптесім Айзада Төребекқызы айтып береді. 

Айзада Төребекқызы, тілші:

Иә, Заңғар. Сұранысы жоғары АИ-92 маркілі бензин мен дизель отынының құны Шымкентте де шарықтап барады. Өткен аптада тұрақтаған баға бүгін кейбір май құю бекеттерінде тағы өскен. Шағын және орта май құю стансалар литріне кемі 3-4 теңге, ал ірілері 5-6 теңгеден қосқан. 

Оңтүстік Қазақстандағы жанар-жағармай қауымдастығының төрағасы Қайыпбек Қамбаров бағаның көтерілуінің бірнеше себебін айтады. Павлодар мұнай өңдеу зауытының жоспарлы жөндеуге тұруы  мен Атырау зауытының толық күшіне шыға қоймауын алға тартты. Май құю бекеттері қорда бар өнімді жеткізу үшін қымбатқа сатып отыр деген сарапшы, шекараның ашықтығы да бұған өз әсерін тигізуде, дейді .

Қайыпбек Қамбаров,  ОҚО « Жанар-жағармай» қауымдастығының төрағасы:

Еуразиялық одақтың ережесіне байланысты біздің барлық шекараларымыз ашық. Сндықтан осындай қазіргі таңда осындай қауіптер бар, ия, шын мәнінде, Қырғызстан болсын, Ресей мемлекеті болсын, ол жақта баға жоғары болғандықтан, мен ойлаймын, осындай қауіптер төніп тұр, оны басқа жолдармен, кейбір өзіміздің кәсіпкерлер солар әкетіп қалуы да мүмкін,  ол да себептердің бірі деп есептеймін.

Қажетті сұйық отынның 30 пайызы шетелге тәуелді болғандықтан да, баға тым шарықтап барады деп санайды. Сондықтан бағаны тым болмағанда бүгінгі қалпында ұстап қалу үшін, мемлекет тарапынан бақылау қажет, дейді. 

Қайыпбек Қамбаров, ОҚО «Жанар-жағармай» қауымдастығының  төрағасы:

Мемлекет қолына алмаса, немесе басқа бір механизм ойлап таппаса, ол әлі де болса қиын болатын сияқты. Бағаны,  мынау мұнай өнімдері болсын, осы акцизді тауарлар болсын, кешегі көріп отырсыздар, Ақтөбедегі газ мәселесі.  Еркін нарыққа жібергеннен кейін еркін нарық енді көрсетіп жатыр.

Айзада Төребекқызы,  тілші:

Оңтүстікқазақстандық сарапшы мемлекет тарапынан белгілі бір бақылау болмаған жағдайда бензин бағасы әлі  5-7 теңгеге дейін қосылуы әбден мүмкін екендігін айтады. Ал, Оралдағы жағдай да ұшығып тұр. Аймақтағы жағдайды әріптесім Еркін Карин жеткізеді. Еркін.

Еркін Карин, тілші:

Оралда да бензин бағасы қымбаттады. АИ-92 маркалы бензиннің бағасы  153 теңгеге жетті. Ал дизельдік отын 170 теңгеден сатылуда. Бірақ оның өзі кейбір жанармай құю стансаларында жоқ.

Ал Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті баға қымбатшылығының себебін зерттеуге кірісті. Олар жанармай жеткізуші компаниялардың өзара келісімге келіп, бағаны өсіруі мүмкін екендігін жоққа шығармайды. Өйткені жыл басында жанармай бағасын өзара келісіп, қолдан қымбаттатқан облыстағы төрт жеткізушінің ісі  сотта қаралып жатыр. 

Мұрат Оспанов, БҚО ТМР және бәсекелестікті қорғау департаментінің басшысы:

Тауар нарығына талдау жасалады. Департамент монополияға қарсы заңның бұзылуын тергеп, тиісінше шара алады. Осы мақсатта жанармай жеткізушілерге монополияға қарсы заң талаптарын бұзуға жол бермеу керектігі ескертілген хат жолданды.

Еркін Карин, тілші:

Батыс Қазақстан облысы ай сайын 26 000 - 28 000 тонна бензин тұтынады. Күн сайынғы тұтыну мөлшері 600-700 тоннаға жетеді. Ал Астанадағы ахуал қалай екен? Бұл туралы әріптесім Дәуренбек Бақдәулет айтып беруге әзір.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Қайырлы кеш, әріптестер. Мендегі ақпарат та көңіл көншітпейді. Сарапшылар бензин бағасы Ресеймен теңестірілу үшін, әлі де қымбаттайды деп болжам жасап отыр.  Астанада жоғары сұраныстағы АИ-92 маркалы бензин бағасы 146-152 теңге аралығында құбылып тұр. Бензин тапшылығы Павлодар және Атырау мұнай өңдеу зауыттарының толық көлемде жұмыс істемеуінен туындағанын мұндағы мамандар да айтып жатыр. Салдарынан Ресейден бензин импорттау ұлғайған, алайда, бензин бағасын тұрақтандыруға бұл сеп болмай тұр. Рубльдің теңгеге шаққандағы бағамының нығаюы да өз әсерін тигізбей қомаған сыңайлы. Ресейде де кей зауыттардың жөндеуге жабылғаны жайлы ақпар бар. Бензинді тасымалдау төңірегінде де түйінді мәселе көп.

Камилла Манакова, мұнай-газ төңірегіндегі тәуелсіз сарапшы:

Мемлекет бензин бағасын реттеуден бас тартқан соң, маусымда бензиннің қымбаттауы заңдылық. Бағаны барынша Ресейдің бензинімен теңестіру көзделген. Сондықтан отандық зауыттар толық қуатында жұмыс істеп, импорттан бас тартқан күннің өзінде бензин бағасы қымбаттай беруі мүмкін. Ал көтерме бағамен сатып алатындар бензинді қанша мөлшерде, қандай бағамен алатыны төңірегінде көлеңкелі тұстар көп. Ол өз кезегінде жанармайдың сапасына әсер етеді.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Сондай-ақ бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында «ҚазМұнайГаз Өнімдері» директорының орынбасары Нүркен Мырзағалиев алдағы уақытта Ай 92 маркалы бензин бағасының литрі 157 теңгеге дейін баруы мүмкін деді.

Нүркен Мырзағалиев, «ҚазМұнайГаз Өнімдері» директорының орынбасары:

Біздегі баға Ресейдегі бензин бағасы негізінде құрылады. Жаппай алатын бағасы бар, оған қосқанда, біздің тасымалға және оны сақтауға қосатын бағамыз бар және аз ғана пайда бізге түседі. Осының бәрін есептегенде, 92 маркалы бензиннің бағасы 1 литріне шаққанда 155-157 теңге көлемінде болады.

Айта кетейік, бұл бензин құнының қымбаттауына қатысты мәліметтер болатын. Тілшілеріміз аймақтардағы бағаға байланысты орын алған ахуалды баяндады.