$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Генерал Р.Қайдаровқа бірнеше қалада экспозиция ашылды

AstanaTV
18.05.2020ж. 20:00
3189
Генерал Р.Қайдаровқа бірнеше қалада экспозиция ашылды

«Ер есімі ел есінде». Бүгін - әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаровтың туған күні. Көзі тірі болғанда 80 жасқа толар еді. Алайда ол былтыр, апатқа ұшыраған "БекЭйр" ұшағында болып, ауыр жарақаттан қайтыс болды. Дегенмен Ішкі істер министрлігінің мұрындық болуымен, марқұм жайында қызметтестері жазған естеліктер топтастырылған кітап жарыққа шықты.

ІІМ Құрметті ардагері Рүстем Қайдаровтың жеке бұйымдары мен түрлі құжаттары министрліктің мұражайынан орын алды. Аты аңызға айналған тұлғаны еске алуға туғандары, ішкі істер органдарының мамандары мен ардагерлер кеңесінің өкілдері келді.   

Мұхамедғалым СҮЛЕЙМЕНОВ, ІШКІ ІСТЕР САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ:

Мен Рүстем Есімханұлымен тоқсаныншы жылдары қызметте кездесіп, араласа бастадық. Ол кезде марқұм жемқорлыққа қарсы күрес басқармасын басқарған болатын. Ешкімді бөліп-жармайтын, үлкен не кіші деп алаламайтын жан еді. Мен үнемі ол кісіден кеңес сұрайтынмын. Өмірін қазақ еліне арнаған адам. Үйінде отырса да жұмысты жолға қойып отыратын. Рүстем Қайдаров құқық қорғау саласында көпке үлгі бола білген тұлға болды.


Дәл осындай экспозициялық бұрыш оның туған өлкесі Семей қаласында да ашылды. Сондай-ақ, талмай қызмет атқарған Жезқазғандағы полиция департаментіндегілерде генаралды еске алды. Рүстем Қайдаровтың киімдері, медельдары мен суреттері Алматыдағы полиция департаментіндегі мұражайдан орын алды.

Әбдіәлі НАШАРБЕКОВ, АЛМАТЫ қ. ПД БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Бұл жерде ағаның бүкіл ІІМ істеген құжаттары бар. Ол кісі «Парасат», «Құрмет» орденімен марапатталған. Ол кісінің әділет генерал-майоры кезінде киген формасы ілінген. Бұл әлі де толықтырылып отырады. Бұл отбасының әкеп бергені, өзімізде болған заттармен, бұдан кейін де жыл сайын толықтырылып отырады.


Айта кетейік, Рүстем Қайдаров 1940 жылы сол кездегі Семей облысында дүниеге келген. Замандастарының айтуынша, еңбек жолын тергеушіден бастаған ол жастар тәрбиесіне де атүсті қарамапты.  Ол жоғарғы оқу орнында дәріс оқып, шәкірт те тәрбиелеген. Кейін Республикалық генералдар одағын басқарып, сала ардагерлеріне қолдау көрсеткен. Әділет генал-мойоры былтыр 27 желтоқсанында әуе апатынан қаза тапқан болатын.

А. Кемелжан