Оралдағы медициналық мекемелердің қызметкерлері пандемия жағдайында заңсыз төленген үстемеақыны кері қайтаруы мүмкін. Батыс Қазақстан облысындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі, оларға еңбекақының асыра төленгенін анықтапты. Қазір бұл іспен құзырлы органдар айналысып, ақшаны кері қайтару жолын ойластырып жатыр.
Еркін КАРИН, ТІЛШІ:
Наурыз айында облыстағы 215 медициналық қызметкерге 20 млн теңге көлемінде үстемеақы төленген. Бір қызығы, облыста карантин 31 наурыздан жарияланғанымен, емдеу мекемелері өз жұмысшыларына үстемақыны беруді 1 наурыздан бастапты.
Біржан ХАЙРУЛЛИН, БҚО СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТТІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
Мысалы, бір дәрігер провизорлық орталық пен карантиндік бөлімде қатар жұмыс істеп, екі жерден қолдау тапқан. Дәрігердің к арантиндік мекемеден қалай шыққаны әрі басқа жерде жұмыс істегені әзірге белгісіз болып отыр. Осылайша ол провизорлық бөлімнен 79 мың теңге, ал екінші карантиндік бөлімнен 104 мың теңге көлемінде қаржылық қолдау алған. Енді біз бұл жөнінде комиссияға арнайы хат жолдадық, қазіргі таңда бұл мәселені шешу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Мамандар мұндай олқылықты Денсаулық сақтау министрі бұйрығының жалпылама болуымен түсіндіреді. Осылайша коронавируспен күрескен дәрігерлердің қатарына қарапайым жұмысшылар мен сантехниктер де қосылып кеткен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет шашау шыққан қаржыны түгендеп жатқанда оралдық үш полицей мен облыстың Сырым ауданындағы аурухана қызметкерінің коронавирусты жұқтырғаны анықталды.
Нұрлыбек МҰСТАЕВ, БҚО БОЙЫНША ТАУАРЛАР ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІН БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұл ауру бұған дейін де облыс ішінен анықталған. Қазір өңірде 339 адам коронавирусты жұқтырды. Олардың 70% Ресей мен Атырау облысында вахталық әдіспен жұмыс істейтін сырттан келген адамдар. Ал қалғандары олармен жақын араласқан тұрғындар.
Қазір мамандар аудандық аурухана қызметкерінің қатерлі кеселді қайдан, кімнен жұқтырғанын таба алмай жатыр. Ол да өзінің ешқайда шықпағанын, науқастармен араласпағанын, тіпті вахтамен жұмыс істейтін таныстарының да жоқ екендігін айтып ақталыпты. Аурухананың 56 қызметкері оқшауландырылып, ғимараттың іші-сыртын зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілген.
Еркін КАРИН, ТІЛШІ:
Мамандар ауру табылған Сырым ауданының карантинге жабылмайтынын айтты. Дегенмен тұрғындарға қауіпсіздік шараларын естен шығармау керектігін қатаң ескертеді.
Е. Карин